Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан тікелей бейнебайланысқа шыққан ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлім етті.
«Жедел тергеу тобы күшейтіліп, толық көлемде жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда 8 адам тұтқындалды. Сонымен қатар 19 адам күдікті деп ұсталды. Біз олардың қылмысқа қатысы бар деп есептейміз. Тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта әкімшілік жауапкершілікке 41 адам тартылды», деді министр. Оның атап өтуінше, Жаңаөзен қаласы мен Шетпе стансасынындағы тәртіпсіздіктер барысында 110 адам жараланып, ауруханаға жеткізілген. Олардың 73-і амбулаторлық ем қабылдауда. 15 адам, оның 14-і Жаңаөзенде, біреуі Шетпеде қаза тапты.
«Жаңаөзен қаласында 9, ал Шетпеде 8, жалпы 17 полиция қызметкері жарақат алды. Оның алтауы емделіп жатыр. Толықтай алғанда қазіргі уақытта өңірдегі жағдай тұрақталды. Қалада шолғыншылық қызмет жолға қойылған», деді Қ.Қасымов.