Том Леффлер: Головкиннің Коттомен жекпе-жегі қызықты оқиға болар еді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкиннің мүддесін білдіретін K2 Promotions промоутерлік компаниясының басшысы Том Леффлер қазақстандық боксшының пуэрторикандық Мигель Коттомен ықтимал жекпе-жегі туралы пікірін білдірді, деп хабарлады Sports.kz.

«Менің түсінуімше, олар Котто үшін кезекті қарсыласты таба алмай отыр. Егер қандай да бір ұсыныс болса, біз оны қараймыз. Ал егер болмаса, біз біреулерді Головкинге қарсы рингке шығуға мәжбүрлей алмаймыз», - деп атап өтті Леффлер.

Сондай-ақ Том Леффлер Головкин-Котто жекпе-жегі көп сатылатын ұрыс болар еді деген пайымын білдірді.

«Головкиннің командасындағылар Мигель Коттоға және оның жетістіктеріне құрметпен қарайды. Оның үздік орта салмақтағы Серхио Мартинесті жеңуі бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Madison Square Gardenнің барлық билеттерінің толық сатылып кетуі осыны айғақтайды. Оның үстіне Головкиннің өткен сенбідегі жекпе-жегін қосыңыз. Соны ескере келгенде, олардың жекпе-жегі өте қызықты оқиға болар еді», - деп қосты K2 Promotions басшысы.