Том Леффлер: «Канело» реванштан бас тартпай тұрып, оппонент іздеу ерте

АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер Сауль «Канело» Альварестің өкілдерінен реваншқа қатысты жауап күтіп отырғанын мәлім етті. Дегенмен, боксшылардың қайта кездесуінен бас тартылған жағдайда қосалқы жоспарлары барын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

«Эрик Гомес «Канеломен» келісімге келдік десе, ол екеуіміз бірден мәміле жасасамыз. Біз тек Оскар мен Эриктен «жасыл» түсті күтіп отырмыз. Егер қандай да бір себептермен айқас өтпей қалса, НВО-мен наурыз және сәуір айларына екі датаны резервке қойып отырмыз. Әрине, бұл біз көргіміз келетін бағыт емес. Бірақ біз ең жақсы нұсқаны іздестіріп табуға тырысатын боламыз. «Канело» реваншқа қатысты жауабын бермей тұрып, өзге оппоненттерді талқылаудың жөні жоқ», - деді Том Леффлер Fight Hub-қа берген сұхбатында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Геннадий Головкин-Сауль Альварес реваншының уақыты 2018 жылдың 5 мамырына белгіленген.

«Головкиннің өкілдері келісімін беріп қойды, ал Golden Boy Promotions басшысы Оскар де ла Хойя келісімшартқа қол қою үшін осы аптада «Канеломен» кездеседі», - деп мәлім еткен болатын мексикалық Fox Deportes арнасының жүргізушісі Фернандо Шварц.

Жекпе-жектің өткізілетін орны әзірге анықталған жоқ. Дегенмен, Далластағы AT&T Stadium, Нью-Йорктегі «Madison Square Garden» және бірінші айқас өткізілген Лас-Вегастағы T-Mobile Arena жекпе-жекті өткізуге үміткер нысандар қатарында.