Пхенчхандағы ХХIII қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты басталып, спортшылар шеруде жүріп өткеннен кейін келесі кезең «Ариран» - Уақыт өзені көрінісіне берілді. Ортаға 77 жастағы танымал өнерпаздарының бірі Ким Нан Гиль ұлттық әнді орындап, көрініс кәріс халқының тарихынан сыр шертті. Виртуалды экрандағы театрландырылған көрініске бес балдырған қатысып, көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Арнайы ролик арқылы ұйымдастырушылар кәріс халқының заманауи технологиялық жетістіктерін паш етті.
Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах салтанатты шарада сөз сөйледі.
«Құрметті қысқы Олимпиада жанкүйерлері! Пхенчханға қош келдіңіздер! Бәріміз көптен күткен сәт келіп жетті. Пхенчханның жұлдызды сәті келді. Біздің құшақ жайып қарсы алған мыңдаған еріктілерге алғыс білдіремін. Құрметті атлеттер! Енді сіздердің кезектеріңіз келді. Алдағы күндері бүкіл әлем сіздерге назарын тігеді. Әділ бәсеке арқылы спортта бәрі бірдей екенін көрсете біліңіздер. Бірлік күшінің жарқын үлгісін бүгін - ҚХДР мен Корея Республикасы спортшылары шеруі көрсетті. Біз сіздерге алғыз айтамыз. Біз бірлессек қана күштіміз. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін», - деп құттықтады Томас Бах.
Бұдан кейін Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин Пхенчхан қаласындағы ХХIII қысқы Олимпиада ойындарын ашық деп жариялады.
Айта кетсек, ХХIII қысқы Олимпиада ойындарына бұл жолы 92 мемлекеттің спортшылары қатысады. Бұл қысқы Олимпиада тарихындағы қатысушы елдер бойынша рекорд болып отыр. Ал аталған жарыста ең көп спортшыларды АҚШ құрамасы алып келген. Америкадан 240 спортшы өз елінің намысын қорғайтын болады. Ал Сан-Марино, Кения, Гана және тағы бірнеше мемлекеттен бір ғана спортшы келген. Ал Эквадор мемлекеті мен Косово Ресупбликасының спортшылары тіпті өз тарихында қысқы Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысып отыр. Бізге көрші Өзбекстан мемлекетінен Пхенчанға екі ғана спортшы барған.
Еске сала кетсек, осыдан аз ғана уақыт бұрын ХХIII қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар салтанатты шеруде жүріп өткен болатын. Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды Қазақстанның көк туын көкке желбіреткен шорт-трекші Абзал Әжіғалиев бастап шықты. Қазақстандық делегацияның айбыны асқақ, рухы басым. Стадионда сонымен бірге, көрерменнің қошеметіне ие болған 49 спортшымыз үшін тақым қысып отырған қазақстандық жанкүйерлер де көрінді.