Томотерапия тарифінің мөлшері қайта қаралады — Үкімет басшысы

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Томотерапия тарифінің мөлшерін қайта қаралады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

— Онкологиялық практикада томотерапия сызықтық үдеткіштермен сәулелендіру сияқты сәулелік терапияның бір нұсқасы саналады. 2025 жылы томотерапия технологиясының жоғары технологиялық медициналық көмек өлшемшарттарына сәйкестігін (қолданылу ұзақтығы (2019 жылдан бері), әдістеме мен жабдықтың эксклюзивтілігінің болмауы) қайта бағалау қорытындысы бойынша қызмет мамандандырылған медициналық көмекке ауыстырылды және тиісінше емделген жағдайларға ақы төлеу тарифтері өзгертілді. Тарифтерді қалыптастыру қағидаты пациенттерге көрсетілген қызметтер үшін орташа шығыстарды өтеуді көздейді, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің атап өтуінше, әлемде сәулелік емдеуге ақы төлеу тарифтерін қалыптастырудың бірыңғай әдістемелері жоқ. Әрбір ел денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесіне қарай өз тәсілдерін қалыптастырады.

— Сонымен қатар медициналық қызметтерге 2026 жылға арналған тарифтерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс жоспары аясында томотерапия тарифінің мөлшерін қайта қарау көзделген. Бұл ретте томотерапия бұрынғысынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізбесіне кіреді және онкологиялық аурулар бойынша ем қабылдап жатқан барлық пациент сәулелік терапияны толық көлемде алуды жалғастырып жатыр. Жалпы қабылданып жатқан жүйелі шаралар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған, — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының жауабына қосымша берілген анықтамаға сәйкес, елімізде 26 заманауи сызықтық үдеткіш бар. Бұл стандартты IMRT/VMAT-тан бастап стереотаксистік және педиатриялық хаттамаларға дейінгі барлық әдістеме спектрін тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.

Әлемде (Испания, Түркия, Израиль, Франция, Ресей Федерациясы) томотерапия қызметтерінің бағаларын талдау халықаралық практикада томотерапия құнының классикалық сызықтық үдеткіштердегі сәулелік терапия құнынан төмен екенін растайды. Қазақстанда томотерапия қызметтеріне сызықтық үдеткіштердегі ұқсас қызметтермен салыстырғанда бес есе жоғары тарифтер бойынша ақы төленеді.

Өткен жылдың қазан айында Денсаулық сақтау министрлігі томотерапияның тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) тізбесіне енуін жалғастыратынын және онкологиялық аурулар бойынша емделіп жатқан барлық пациент толық көлемде ем алатынын хабарлаған еді.