Томотерапия ешқайда жоғалған жоқ - ДСМ көпшілік сұрау салған мәселеге қатысты мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген томотерапияның қолжетімділігіне қатысты мәселеге түсініктеме берді.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда медициналық көрсетілімдері бар барлық пациент сәулелік терапияны толық көлемде алуды жалғастырып жатыр.

Министрлік томотерапияның емдеудің жеке түрі емес, қазіргі заманғы қашықтықтан сәулелік терапия әдістерінің бірі екенін атап өтті. Соңғы жылдары технологиялардың дамуына байланысты бұрын томотерапиялық аппараттарда орындалған көптеген емдеу міндеттері қазіргі заманғы сызықтық үдеткіштер арқылы тиімді жүзеге асырылады.

Емдеу тәсілі жабдықтың атауына емес, халықаралық клиникалық ұсынымдарға, ісіктің орналасуына, аурудың сатысына және пациенттің жеке ерекшеліктеріне қарай дәрігерлер консилиумының шешімімен белгіленеді.

– Томотерапия ешқайда жоғалған жоқ. Технологиялар мен жабдықтардың мүмкіндіктері өзгерді. Қазіргі заманғы сызықтық үдеткіштер жоғары дәлдіктегі сәулелік терапияның барлық дерлік спектрін жүргізуге мүмкіндік береді, ал бірқатар клиникалық міндеттер бойынша олардың мүмкіндіктері одан да кең. Пациент үшін аппараттың атауы емес, дұрыс таңдалған емдеу тактикасы, сапалы жоспарлау және мамандар командасының кәсіби біліктілігі басты мәнге ие, – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Радиациялық онкология орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Виктор Ким.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда сәулелік терапияға мұқтаж барлық пациент, соның ішінде балалар да тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін алады.

Еліміздің барлық дерлік өңірінде заманауи сызықтық үдеткіштер орнатылған. Қарағанды мен Семейде екі-екіден аппарат жұмыс істесе, Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында төрт, қалалық онкологиялық орталықта тағы екі аппарат қолданылады.

– Соңғы екі жылда Қазақстанда онкологиялық пациенттерді сәулелік терапиямен қамту көрсеткіші 60%-ға жуықтады. Бұл дамыған Еуропа елдерінің деңгейімен шамалас. Біз әрбір пациенттің тиімді әрі қауіпсіз емді уақытылы алуын қамтамасыз ету үшін онкологиялық қызметті дамытуды, жабдықтарды жаңартуды және заманауи технологияларды енгізуді жалғастырамыз, – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, елде телемедициналық қызметтердің үлесі 9,4 пайызға жетті.