Тоңазытқышымда үнемі қымыз тұрады – Түркия Елшісі Қазақстанның ұлттық тағамдары туралы
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу агенттікке берген сұхбатында Қазақстаннан алған әсері туралы айтып берді.
«Әзірге Алматы, Ақтау, Шымкент, Түркістан мен Тараз қалаларына баруға мүмкіндігім болды. Алдағы уақытта да біраз шығыс пен солтүстік өңірлерге баруға ниеттімін. Мүмкіндік туған бойда Өскеменге, Семейге, Павлодарға баруды жоспарлап отырмын. Шынымды айтсам, мұнда алғаш келгенімде еш жатырқамадым. Астанаға да бірден үйреніп кеттім, алғашқы күннен-ақ өз үйімде жүргендей сезіндім. Көшеге шыққанда қазақ бауырларымыздың бізге қамқорлықпен, махаббатпен қарайтынын сезіндік. Әсіресе, түркілердің рухани астанасы Түркістанда Ахмет Ясауи, Арыстан Баб кесенелеріне барғанда бұл сезімдеріміздің тереңдей түскенін байқадық», - дейді Түркия Елшісі.
Сонымен бірге Елші Қазақстанның гастрономдық ерекшеліктері жөнінде айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстан гастрономиясы – сондай бай, түрлі тағам мәдениетінің тоғысқан жері.
«Мен жалпы көп ет жейтін адам емеспін, дегенмен жылқы етінің дәмін көрдім. Қымыз – Түркияда жиі ішілетін сусын емес. Бірақ Қазақстанда болғанда өз тоңазытқышыма алып қоюға тырысамын. Себебі келген қонақтарға қымыз ұсынып, бауырлас елдің мәдениетіне құрмет көрсетуге тырысамын. Әрине бұл жерде ет асу өте танымал. Бұл енді қазақ халқының ұлттық тағамы, ұлттық тағамға құрмет ретінде ет жемейтін адам болсам да дәмін көремін. Ал бауырсақ – ең жақсы көретін тағамымның бірі. Сыртта тамақ ішкенде үлкен мәнтіні жақсы көреміз. Мен негізі тамақтануға қатты мән беремін, өте көп калория алмауға тырысамын, бірақ айтылған тағамдардың дәмін көрмей отыра алмаймын. Сырттан тамақтанғанда еуропалық ресторанға қарағанда қазақы мейрамханаларға баруды құп көремін», - дейді М. Капуджу.