Төңкеріс жасау әрекетіне байланысты Түркия елшілерінің бірқатарын ауыстырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін тергеу аясында өзге мемлекеттердегі бірнеше елшінің қайта шақырылатынын мәлімдеді.

М.Чавушоғлының айтуынша, мекеме түрік тілінен ағылшын тіліне және керісінше аударылған емтихан жауаптарының таралып кеткенін анықтаған. Министр кейбір шенеуніктердің емтихан жауаптарын алдын ала біліп, жауапты қызметке тағайындалғанын айтты.

«Біздің министрлік ең басты байланыстарды жүзеге асырады, мемлекеттік құпияның бәрі бізде. Мұндағы кез келген ақпараттың тарауына жол бермеуіміз керек, бірнеше елші қызметінен босатылуы мүмкін», - деп мәлімдеді министр Haberturk сұхбатында.

Бүгін Hurriyet газеті Түркиядағы 42 журналисті тұтқындау туралы ордердің берілгенін хабарлады.

Оларды әскери төңкеріске қатысты, оппозициялық ислам уағызшысы Ф.Гүленмен байланысы бар деп айыптауда.