ТОП-5: ең көп сатылған жаңа көліктердің тізімі жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл қыркүйекте елде жаңа автокөліктер саудасы 5,2 пайыз өсті. Бұл туралы Қазақстанның автокөлік одағы (ҚАО) мәлім етті.

Фото: Kazinform / ЖИ

- 2026 жылғы қыркүйекте ресми дилерлер 19 309 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатты, бұл былтырғы қыркүйектегіден (18 353 көлік) 5,2 пайыз көп. Тамызбен салыстырғанда, сауда 1,1 пайыз өсті. Қаңтар–қыркүйек қорытындысы бойынша 165 678 жаңа автокөлік сатылды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (161 449 көлік) 2,6 пайызға артық, - деп аталып өткен Қазақстанның автокөлік одағы мәліметінде.

ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, қазір Қазақстандағы автосалондарда жаңа автокөлікті сатып алуды жеңілдететін түрлі тетіктер мен клиенттерді қолдау бағдарламаларының кең спектрі бар.

- Стандартты автонесиеден бөлек, сатып алушылар өндірушілер мен дилерлердің арнайы ұсыныстарын, сонымен қатар trade-in бағдарламасын пайдалана алады. Мұндай құралдар сұранысты сақтап, ел автопаркінің жаңаруына ықпал етеді, - деп түсіндірді ол.

Ең көп сатылған бренд

2026 жылғы қыркүйекте 3 067 автокөлік нәтижесімен бірінші орынды Chevrolet алды (+4,2%). Екінші қатарда 2 932 автокөлігі өткен Hyundai тұр (-29,5%). Үшінші сатыға Kia жайғасты – 2 584 автокөлік (+29,1%).

Ал төртінші орындағы Changan-ның саудасы 127,1 пайызға артып, 1 501 автокөлікке жетті. Бестікті 1 179 автокөлікпен Chery түйіндеді (+28,3%).

Сонымен қатар осы ондықтың тізімінде Haval (1 171 көлік сатылды; +88,9%), Toyota (1 150 көлік; +0,4%), Jetour (900 көлік; -1,3%), Geely (636 көлік; -26,4%) және BYD (560 көлік; +32,4%) бар.

Қыркүйек айында көп сатылған танымал модельдер қатарында:

- Chevrolet Cobalt – 2 906 автокөлік;

- Kia Sportage - 1 187;

- Hyundai Tucson – 985;

- Hyundai Mufasa – 899;

- Kia Soluto – 577;

- Toyota Camry - 532;

- Hyundai Elantra – 508;

- Haval Jolion – 479;

- Changan CS35 MAX - 458;

- Changan CS75 Plus - 429.

Атап айтқанда, тоғыз ай қорытындысы бойынша бірінші орында 27 495 автокөлігі сатылған Hyundai (-22,7%) тұр. Екіншісі – 26 272 автокөлігі өткен Chevrolet (+14,7%). Үшінші орынды Kia алды – 18 964 автокөлік (+7,8%). Төртінші орында Changan – 15 645 автокөлік (+104,2%). Үздік бестікті 11 994 автокөлікпен Chery түйіндеді (+17,4%). Одан кейін Haval (9 656 көлік; +16,3%), Jetour (8 668 көлік; -16,7%), Toyota (7 287 көлік; -5,2%), JAC (6 771 көлік; -8,3%) және Geely (5 245 көлік; -30,4%) тұр.

Қазақстанда жеңіл автокөлік өндірісі артты

2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 136 548 жеңіл автокөлік өндірілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38 пайызға жоғары.

Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметінің дерегіне сәйкес, қыркүйек айында 19 377 жеңіл автокөлік шығарылды. Өндіріс көлемі өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 66,4%-ға, ал ағымдағы жылдың тамыз айымен салыстырғанда 35,5%-ға көп.

— Қазақстанда автокөлік өндірумен 12 кәсіпорын айналысады. Жеңіл автокөлік өндірісінің негізгі көлемі Алматы қаласы мен Қостанай облысына тиесілі. Олардың үлесі тиісінше 50,5% және 49,5%-ды құрайды, — делінген статистикалық мәліметтерде.

2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында «Автокөліктер, тіркемелер және жартылай тіркемелер» санаты бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі ақшалай мәнде 1,67 трлн теңгеге жетті. Осы санаттағы өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,9% деңгейінде қалыптасты.

2026 жылғы қыркүйекте өндірілген өнім көлемі 198,4 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш ақшалай мәнде 2026 жылғы тамызбен салыстырғанда 25,7%-ға, ал 2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 10,5%-ға өсті.

Бұған дейін хабарланғандай, осы жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автокөлік өндірісі саласының қарқынды дамып келе жатқанын мәлімдеді. 

Соңғы 5 жылда салаға 457 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Өткен жылы 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Биылғы жоспар — өндіріс көлемін 11%-ға арттырып, 190 мың көлік шығару. Жалпы биыл автомобиль шығару саласы 131,1%-ға өсті.