Топай асық жинаған ақтөбелік Қазақстан рекордтар кітабына енді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – 3 мыңнан астам топай асығын жинаған ақтөбелік Ерболат Қуанышов Қазақстан рекордтар кітабына енді. Ол Гиннесс рекордтарын жаңартып, жинаған асығынан үлкен мүсін жасауды армандайды.
Коллекционер Ерболат Қуанышовта Қазақстан рекордтар кітабына енгені туралы сертификат бар. Онда «Куәлік Ақтөбе облысының тумасы ұлттық өнерді ұлықтауды мақсат етіп, өз шеберханасында он екі жыл бойы сиыр асығын жинаумен айналысып, 3 378 асық жинаған Ерболат Қуанышовқа КИнЭС қазақстандық рекордтар кітабының кейіпкері ретінде беріледі» деп жазылған.
Сонымен бірге ҚР Асық ату федерациясының президенті А.Сұлтанов асық ату спортын дамытуға қосқан үлесі үшін «Алтын сақа» төсбелгісімен марапаттады.
- Гиннесс кітабына ену үшін ресми сайтына кіріп, сұраныс жолдап отырмыз. Үш айдан соң ғана хабарын айтады екен. Мен бұған дейін топай асықтың бәрін өзім жинадым. Енді айналамнан да алсам деймін. Әлемдік рекордты жаңартқан соң облыс орталығына асықтан мүсін жасағымыз келеді. Ол алып асықтың да, сиырдың да мүсіні болуы мүмкін. Мұндай ешкімде жоқ,- деді Ерболат Қуанышов.
Еске салсақ, шаруа Ерболат Қуанышовтың бір-екі асығы 13 жылда 3400-ге жуықтады. Қазір өзі тұратын үйдің сарайын шеберхана етіп, келушілерге арнап көрме жасақтап қойған. Ішінде қойдың асығы, топай асықтан бастап, түрлі жіліктен жасалған шежіре жинағын, қабырға мен омыртқа, жауырын мен мүйізден аспалы шам жасаған.