Топай асық жинаған ақтөбелік коллекционер Гиннесс рекордтар кітабына енгісі келеді

Фото: Фото: Эльмира Көшекбай

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласының тұрғыны Ерболат Қуанышов 13 жылдан бері топай асық жинап жүр. Жиғаны 3 мыңнан асты. Ол Гиннесс рекордтар кітабына ену үшін құжат жинауға кірісті.

Шаруа Ерболат Қуанышовтың бір-екі асығы 13 жылда 3400-ге жуықтады. Қазір өзі тұратын үйдің сарайын шеберхана етіп, келушілерге арнап көрме жасақтап қойған. Ішінде қойдың асығы, топай асықтан бастап, түрлі жіліктен жасалған шежіре жинағын, қабырға мен омыртқа, жауырын мен мүйізден аспалы шам жасаған. 

— 2012 жылы асық саны көбейіп, 2017 жылы ЭКСПО-ға қатысуға ұсыныс түсті. Ол кезде асық саны аз болды, бұзаулы сиыр мүсінін жасау туралы ойым іске аспады. Қазіргі кезде 3378 асық бар. Адамдар келіп, қызықтап, тамашалайды. Өзім шаруа иесімін. Сиырдың барлық сүйегін кәдеге жаратамын. Мәселен мүйізінен қымызға ыдыс, қабырғасынан аспалы шам, терісін илеп, қамшыға қайыс жасауға болады. Ал асық жинау — хоббиім, — деді Ерболат Қуанышов. 

Шаруа сүйекті тазартудың әдісін шебер меңгерген. Ол қолына түскен топайды тоңазытқышқа сала береді. Саны 40-50-ге жеткенде қазанға салып, 5-6 сағат қайнатады. Майы шыққан соң оны жуып-шайып алады. Кепкен соң ғана түрлі дүние жасауға болады. 

Фото: Эльмира Көшекбай

— Асықтан асықтың мүсінін жасағым келеді. Сөйтіп «Асығың алшысынан түссін!» деп жазбақпын. Мүсіннің биіктігі 1,5 метр, ұзындығын одан көп болады. Асықтан тақ та жасағым келеді. Сонымен бірге бұзаулы сиыр жасамақпын. Қазір интернетті ашып қалса, мүмкіндік мол. Қарап отырып, түрлі зат жасауға болады. Сонымен бірге түйенің сүйегінен үлкен аспалы шам жасағым келеді. Жылқы, сиыр сүйегінен шежіре жасаймын, — деді Ерболат Қуанышов.

Қазақстан барысы, Ақтөбе барысы жарыстарында жеребе тарту үшін шебердің жиған асығы пайдаланылады. Сонымен бірге аудан, ауылдар да алады.

— Гиннесс рекордтар кітабына енгім келеді. Бұл жетістік әрі адамды ынталандыратын сертификат болар еді. Қазір құжаттарын жинап жатырмыз. Екі ай бұрын хат жолдаған едік. Асықты сатып алғысы келетін адамдар болды, бірақ жиған еңбегім бар, сатпадым, — деді коллекционер.

Еске салсақ, Ақтөбеде мектеп оқушылары арасында асық ату ойыны кең тарап келеді. Қазір бірнеше мектепте асық үйірмесі тегін өткізіледі.