*** « Егемен Қазақстан » басылымының бүгiнгi санында университеттердiң рейтингісі жарияланды. « Топжарғандар - жоғары оқу орындарының рейтингісі » атты мақалада елiмiздегi ең үздiк деп танылған оқу ордаларының аттары аталады. Егжей-тегжейлi талдау жасалған мақала, әсiресе талапкерлерге пайдалы болатыны сөзсiз.
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы Резиденциясында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті қабылдады. Алдымен Үкімет басшысы Елбасына елдегі алғашқы жартыжылдықтағы экономикалық дамудың негізгі қорытындылары туралы баяндап, келесі жартыжылдықтың жоспарлары жөнінде есеп берді. Бұл туралы « Егемен Қазақстан » газеті хабарлауда.
«Нұрсұлтан Әбішұлы бірінші кезекте жауапты лауазым иелеріне негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды. Елбасы қазіргі әлемдік қаржы нарығында орын алған жағдайларға байланысты ұдайы болатын тәуекелдерді сараптап отыру қажеттігіне баса назар аудару керектігін атап көрсетті», - деп жазылған « Үкімет басшысы мен бас банкирдің есебін тыңдады » деген тақырыппен жарияланған материалда.
*** Басылымның тағы бiр "Қазақстан - аймақтағы ең тартымды ел" атты мақаласында, CNBC басылымының Қазақстан туралы жариялаған материалдың жай-жапсарлары кеңiнен баяндалады .
«Америка жұртшылығы Қазақстан жайлы ойлағанда, естеріне бірден Саша Баронның Борат атты кейіпкері түсетін шығар. Десек те, бұл елдің ойында қарапайым батыстық инвестицияларды тартудан гөрі, орасан зор өңірлік стратегия болуы мүмкін» делінген CNBC жариялаған шетелдік әріптесіміз Дина Гусовскидің мақаласында», - деп жазады автор.
Шетелдiк БАҚ-та көтерiлген мәселелер туралы « Айқын » газетiнен оқи аласыздар.
*** «Түркiстан» газетi болса, Путинге ашық хат жазып, елiмiздегi Facebook әлемiн дүрлiктірген Александр Яковлевке мақала арнапты.
Александр қазақ тілін меңгерген, парақшасындағы жазбаларының басым бөлігі қазақ тілінде. Бірақ Путинге қарата айтылған пікірі орыс тілінде жазылған. Онда ол Путинге «шет жердегi орыс тiлдi халықты қорғаудың қисыны жоқ, себебi бiз қазақпыз» деген пiкiрлердi жолдаған болатын. «Құрметті Путин мырза, одан да Ресей территориясындағы орыстарды, яғни өз азаматтарыңызды қорғаңыз. Оларға Сіздің көмегіңіз ауадай қажет. Ал бізді Біздің Президент қорғайды! Құрметпен Александр Яковлев, қазақ», - деп келтiредi «Түркiстан» Яковлев бауырымыздың хаттағы сөздерiн.
Толығырақ «Мен Қазақстан азаматымын» атты мақаладан оқуға болады.
***
Астана мен Алматыда кең таралған «жаппай таксизм» Мәскеуден келген әйгiлi блогер Галина Шмерманға арнайы зерттеу жасауға түрткi болып отыр, деп жазады ресми тiлде жарияланатын «Экспресс К» басылымы.
«Қазақстанның iрi қалаларында әрбiр жүргiзушi таксист кейiпiне енiп, кез келген уақытта жол бойында дауыс берiп тұрған жолаушыны жеткiзiп салуға дайын тұрады. Бұл өз кезегiнде шетел азаматтарын қайран қалдыруда», - делiнедi «Таксуют все» атты материалда.
Галина Шмерманның таңданысына орай, Алматыда барлығы таксист қызметiн атқара беретiн болып шықты - жiгiттер, қыздар, ерлер, әйелдер, қариялар және әжелер... Тiптi жақында блогердiң танысын орташа «таксаға» жергiлiктi опера әншiсi жеткiзiп салған. Галина Шмерманның айтуынша, бұл қалада тiптi көлiк керек емес, қолыңды көтер де, керек жерге дейiн бiреудiң көлiгiмен жетiп қал. Шетелдiктер мұны қоғамның өзiндiк ұйымдасуы деп атап кеткен», - деп атап өтедi мақала авторы.