«Төрағалық төрінде - 100 күн» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат. Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 10-ы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Түркия тарапының бастамасы бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Президенті Абдолла Гүл телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшылары Қырғызстандағы жағдайды талқылап, бұл елде тұрақтылық пен құқықтық тәртіптің тезірек қалпына келеріне деген сенімдерін білдірді.
Әңгімелесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың бүгінгі жай-күйі мен келешегі жөнінде сөз болды. Ағымдағы жылдың мамыр айында Абдолла Гүлдің Қазақстанға жасайтын сапарының маңыздылығы атап өтілді. Вашингтонда өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммит шеңберінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия премьер-министрі Реджеп Ердоғанмен кездесуі жоспарланған.

«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде «Төрағалық төрінде - 100 күн» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға төраға­лық­қа сайлануы бүгінгі жас егемен ел­дердің еуро­па­лық үлгіге сай келетін демо­кра­тия құра алатынын, осы ба­ғытта ауыз толтырып айтарлықтай же­тіс­тіктерге қол жеткізгендігін ресми түрде танытты. Қазақстан бұрынғы Кеңестер Одағы құрамындағы елдер ішінен тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекет бол­ғанымен, Ұйым­ға мүше мемлекеттер біз­дің елдің кикілжіңдерді шешуге деген ықы­ла­сына, ұмтылысына оң баға беруде. Грекия өзінің төрағалық еткен уақы­тында Ұйымның шешімдерді орындата алатын кү­шінің жоқтығына көңіл аудармады. Ал әлемде Қазақстанның саяси және эко­но­ми­калық салмағы басқаша бағалана­ды» деп жазады басылым.

Сондай осы басылымнан еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты мақалалар топтамасымен де таныс бола аласыздар.

«Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Гер­мания­ның Қазақстандағы жылы аясын­да осы елдің «Германия-Қазақ­стан қоғамы» мен «Жаңа шығыс орталығының» шақыруы­мен Бер­линде болып, Германия астана­сының зиялы қауымымен кездесу өткізді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Шейх Әбсаттар қажы Дербі­сәлі хазрет «Қазақстандағы ислам діні: өркендеуі мен дамуы» атты баяндама жасады. Бас мүфти жал­пы Қазақ елінің рухани, мәдени, ғылыми тарихына шолу жасай келе, Қазақстанның діні, ділі, кешегісі мен бүгініне тоқталды. Еліміздің салт-дәстүрі, өткені мен келешегі де асыл дініміз және оның мәдениетімен біте қайнасып жатқандығы, қазақ халқының өзіндік әдебиеті мен мәдениеті бар өркениетті ел екендігін қадап айтты. Қазақ жерінен бүкіл әлемге әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани, Хұсам ад-Дин Сығнақи, Мұхаммад Хайдар Дулати секілді мәшһүр ғалымдар шыққандығын айта отырып, олар­дың шығармашылығына тоқ­тал­ды.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақстандық «Альянс банк» басқармасының бұрынғы төрағасы Ерік Сұлтанқұлов қамауға алынған. «Интерполдың Қазақстан ұлттық орталық бюросының сұратуы бойынша сәуірдің 8-інде Ерік Сұлтанқұлов Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында ұсталды. Қазір оны Қазақстан Республикасына экстрадициялау жұмыстары жүргізілуде», дейді басылым ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Грузия қазақ инвестициясына зәру». «Айқын» газетінің сенбілік нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақалаға елімізге келген Грузия үкіметінің басшысы Николоз Гилауридің сапары арқау болған. Басылымның жазуынша, ол өзінің қазақстандық әріптесімен кеңейтілген құрамдағы келіссөздері кезінде «Қазақстан келешекте де Грузия экономикасын инвестициялауды жалғастыратындығына сенетіндігін» мәлімдеген. Мәртебелі мейманның елімізге сапары жайында басылымның сенбілік нөмірінен кеңінен оқи аласыздар

Грузия үкіметі басшысының Қазақстанға сапары жайында егжей-тегжейлі жазылған келесі мақала «Алаш айнасы» газетінде «Қазақ астығы үшін Гүржістанда қойма салынады» деген тақырыппен берілген.

«Мәртебелі қонақ қазақстандық компанияларды өз елінің туризм, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына инвестиция құюға шақыра келіпті. «Қазақстандық компаниялар бізде әртүрлі салаларға едәуір қаржы жұмсап отыр. Біз болашақта мұндай шаруалар жалғасын тауып, арта түседі деген үміттеміз. Бізде мұндай салалардың маңызы өте жоғары», деп ағынан жарылған мейман бұл сапарына ерекше мән беретінін айтып жатты», деп жазады басылым.

«Кеше Қазақстан Президенті жұмыс бабындағы сапарымен Брюссельге аттанды. Сапар бағдарламасында Н.Назарбаевтың Еуропалық кеңес пен Еуропалық инвестициялық банктің басшылығымен кездеулері жоспарланған», деп жазады «Айқын» газеті. Еуропадан Қазақстан Президенті АҚШ-қа аттанады, онда ол қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғаламдық саммитке қатыспақ.

***

«Алматы - Бішкек әуе қатынасы уақытша тоқтатылды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның хабарлауынша, Қырғызстандағы саяси-әлеуметтік жағдайдың шиеленісуіне байланысты «Эйр Астана» әуе компаниясы сәуірдің 8-19-ы аралығында Алматы-Бішкек-Алматы бағытындағы әуе байланысын уақытша тоқтатады. Бұл шара жолаушылар мен ұшақтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр.