Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, сот приставына сот отырысы кезінде залда қоғамдық тәртіпті сақтауды бақылау, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың орындалуын бақылау, іс жүргізу әрекеттерін орындауда сотқа жәрдемдесу секілді міндеттер жүктелген.
Мысалы, сот мәжілісіндегі судьялардың, қатысушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету приставқа жүктелген. Олардың нақты іс-әрекеттерінің сипаты сотпен қандай істің қаралып отырғанына (қылмыстық, азаматтық, әкімшілік), жабық не ашық сот мәжілісінде қаралуына байланысты. Мұндайда шағымданушы мен жауапкердің психологиялық ерекшеліктері, жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік деңгейі міндетті түрде ескеріледі. Сот төрағасының, сот отырысына төрағалық етіп отырған судьяның өкімдері ауызша немесе жазбаша түрде беріледі. Бұл өкімдер сот отырысының не оның қандай да бөлігінің басында нақты тәртіп бұзушылықты жоюға бағытталған нұсқамалық болып саналады. Сот приставының қорғаушылық функциясын жүзеге асыруы сот пен судьяның сотталушыға және басқа да азаматтарға процессуалдық міндеттемелер шараларын қолдану шешімін орындауда көрініс табады. Заңда бұл шаралар, еріксіз айдап әкелуден басқасы толық айқындалмаған. Еріксіз айдап әкелумен қатар, бұл сотталушыны сот залынан қамауға алу, сонымен қатар, сот отырысы кезінде тәртіпті бұзатын тұлғаларды отырыс залынан шығару секілді шешімдерді орындау да приставтардың құзырындағы шаруа. Сот отырысының қатысушылары мен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында сот приставы отырысқа дейін сот бөлмелерінің дайындығын тексеруі қажет. Бұл тек сот ғимаратындағы бөлмелерге ғана емес, көшпелі отырыстарда қаралатын істерде қолданылатын аудиторияларға да қатысты қолданылуы тиіс. Мұндай жағдайда сот приставы отырыс қайда, қандай уақытта, қандай іс қаралатыны жайлы алдын ала ескертуі тиіс. Егер де қылмыстық іс қаралатын болса, сотталушы мен оған қолданған бұлтартпау шарасы жайлы да ескерілуі керек. Алынған ақпаратқа байланысты ол ғимаратпен (аудиториямен) танысып, сот қызметінде белгіленген тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты шаралар жасап, судьяны хабардар еткені дұрыс. Сотта әділдік жүзеге асып, тәртіп пен адамгершілік нормаларын аттамай, құқықтық жүйенің қатаң сақталуы қамтамасыз етіледі. Ал, сот приставы өзіне берілген құқығы мен міндетіне сай сот процесінің кедергісіз өтуіне септігін тигізеді. Міне, сондықтан да сот приставының атқарар жұмысы жауаптылықты, сабырлылықты, білімділікті талап етеді. Және төрелік алаңында қызмет етіп жүрген пристав бұл үдеден шығуға барын салатыны даусыз.