Төреліктің бірыңғай институтын енгізуге бағытталған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Төрелік туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Заң жобасын әзірлеу төреліктің халықаралық қызметін құқықтық реттеу мәселелерін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық төрелік және аралық сот қызметін реттейтін екі заңды шоғырландыруға бағытталған. Осыған байланысты аралық соттар туралы және халықаралық төрелік туралы заңдардың күшін жою ұсынылады. Сонымен қатар, заң жобасында төрелік қызмет саласындағы заңнама нормаларын 1985 жылғы төралық туралы халықаралық конвенцияға, 1958 жылғы шетелдік төрелік қызметтерді тану және іске асыру туралы Нью-Йорк конвенциясына сәйкестендіру көзделеді», - деді Әділет министрі Берік Имашев.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе бойынша шетелдік заңнамаларға талдау жасалып, онда көптеген елдерде төрелік қарайтын даулардың бір заңнамалық актілер аясында регламенттелгенін көрсеткен. Ал посткеңестік кеңістікте бір мезгілде екі заң қолданылады. Заң жобасына сәйкес, төреліктің ведомстволық қарауына дауда халықаралық элементтің бар-жоқтығына қарамастан, жеке және заңды тұлғалар арасындағы барлық дауларды жатқызу ұсынылады.

«Тұтастай алғанда заң жобасына сәйкес, төреліктің бірыңғай институты енгізіледі, осыған байланысты халықаралық элементтің бар-жоғына қарамастан жеке құқықтық даулар шешілетін болады. Осы жаңалық дауларды соттан тыс шешу жүйесін нығайту және дамытуға оң әсерін тигізуі тиіс. Бұл ретте төреліктің қарауына кәмелеттік толмағандардың, заңмен белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың мүдделерін қозғайтын, мүліктік қатынастарға байланысты емес жеке мүліктік емес қатынастардан туындайтын, банкроттық және оңалту туралы, табиғи монополиялар субъектілері мен олардың тұтынушылары арасындағы дауларды қоспағанда, барлық мүліктік дауларды жатқызу ұсынылады», - деді министр Берік Имашев.