Торғай даласында керқұландар қайта мекендей бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға былтыр әкелінген жабайы жылқылар 4 маусымда табиғатқа жіберілді, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Бұл — 2024 жылғы маусымда әкелінген алғашқы 7 керқұлан. Жануарлар бір жыл мамандардың бақылауында жартылай ерікті жағдайда ұсталып, ойдағыдай ортаға бейімделіп үлгерді.
Жылқылар Торғай даласындағы -30 °C аязда алғашқы қыстан аман-есен шықты, үйренді, ветеринарлық тексерулерден өтті. Табиғатта жануарлардың қозғалысын бақылап отыратындай, Умбре мен Веспе деген екі биеге GPS-қарғыбау тағылды.
«Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары босатылған жылқыларды қорғайды. Мамандар табиғи ортада жануарлардың мінез-құлқын зерттеуді және мониторингті жалғастырады.
— Керқұландардың алғаш тобын Орталық Қазақстанның жабайы табиғатына жіберу — түрді тарихи мекенінде қалпына келтіру жобасын іске асырудағы маңызды қадам. Реинтродукция орталығында сәтті өткен жануарлардың жыл бойғы тұрмысы — мамандар мен мал дәрігерлері командасының еңбегінің нәтижесі, — дейді АСБК атқарушы директоры Вера Воронова.
Осыған дейін Арқалыққа керқұландардың жаңа тобы жеткізілгенін жаздық.