Торғай өңірін дамыту бағытында не жоспарланған
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына түсінік берді.
— Биыл Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің назарында болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Осыған байланысты қазіргі уақытта Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын алдағы үш жылдық кезеңде әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі жоспар бекітілді. Ол жалпы сомасы 165,5 млрд теңге болатын 51 іс-шарадан тұрады. Құжат өңірді дамытудың басым салалық міндеттерін жедел шешуге бағытталған, — деді Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Арқалық қаласында маңызды инфрақұрылымдық жоба — әуежай құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінле терминал ғимараты салынып жатыр, инженерлік коммуникациялар жүргізілді. Жобаны 2026 жылғы шілдеде айында аяқтау жоспарланған.
— Сондай-ақ, осы жылдың маусым айында «Орталық — Батыс» бағыты бойынша өтетін маңызы жоғары көлік дәлізінің құрылысы ресми басталды. Жаңа бағыт жолды 549 км қысқартады. Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тікелей шығуды қамтамасыз ететін «Жезқазған — Арқалық — Петропавл» автожолын жөндеу бойынша жұмыстар келесі жылы бітеді, — деді өңір әкімі.
Еске салсақ, жақында Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Торғай өңіріне қажетті қаражат бөлуді тапсырды.
Айта кетейік, Қостанай облысында «Орталық — Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталды.