Торғайдағы 7 мың жылдық тарихы бар бірегей жәдігер

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының аумағында күллі адамзаттың мәдени, зияткерлік мұрасына жатқызуға болатын археологиялық бірегей нысандар көптеп кездеседі.    

Торғай өңірінен табылған осы ерекше геометриялық фигураларға Үштоғай квадраты, торғайлық ескіше діни белгі, Екідін кресті, Ащытасты кресті, квадрат, сақина және екі желі нысан төбені жатқызуға болады. Бұл Геоглифтер тастар мен үйінділерден жасалған. Мұндай қазына Қазақстанның басқа жерінде де, бүкіл әлемнен де кездесе бермейді екен. 

 Бізге, Торғайдағы халық көтерілісіне 100 жыл толуына орай тарихи орындарды аралауға шыққан «Өр Торғай - ерлік мекені» экспедициясының сапары кезінде Торғай свастикасын көрудің  сәті түсті. Осы мүмкіндікті пайдаланып экспедиция мүшелері өздерімен бірге алып жүрген қашықтан басқарылатын шағын ұшу аппаратымен ғажайып нысанды төбесінен видеоға да түсіріп алды.

Торғай свастикасы Қостанай облысы, Амангелді ауданының Үрпек кентінде орналасқан. Үш сәулелі свастика жасалған үйінді секілді. Әрбір сәуле ирек пішінмен аяқталса, соңы сағат тіліне қарсы иілген. Үйіндінің биіктігі 0,3 метрге дейін, ал сәуленің ұзындығы шамамен 33 метр, тұғырдың ені 13-15 метр, ал аяқ жағының ені 10-12 метр. Ирек пішіндегі ойпаттың ұзындығы 4 метр болса, тереңдігі 0,3 метрге дейін жетеді.

  Бұл бедерлердің құпиясы әлі ашылған жоқ. Әйтсе де, Торғай геоглифтері мыңдаған жылдар бұрынғы өркениеттің сарқыты екені даусыз. Өкініштісі, әлем назарын өзіне аударған нысан еш қоршаусыз, қараусыз, мал аяғына тапталып жатыр...

«Бұл ерекше, сырлы белгіні ғалымдар «Үшсәуле» деп атап жүрсе, жергілікті жұрт ежелден бері осы арадан екі шақырым жердегі шабындық жерді «Сәуле» деп атайды. Бұл енді таңғажайып сәйкестік шығар. Осындай әлем назарын аударған жерді білетін адам бастап келіп көрсетпесе, келген адам ерекше нысанның үстінде тұрмын ойламай да қалады. Сондықтан ары-бері өткен көлденең жүргіншінің назарын өзіне аударатындай, арнайы іздеп келетін қонақтар бірден тауып алатындай, атын жазып, деректі мәліметтерін көрсетіп белгі қойғанымыз орынды болар еді. Тіптен, осы арқылы адам көп келе бермейтін Амангелді сияқты шет ауданға туристерді тартуға жол ашылады. Мұнда кигіз үй тігіп, қазақтың салт-дәстүрін көрсетіп, ұлттық тағамдарын ұсынуға болады. Жақын аумақтарда қаншама тарихи орындар бар, оны да көрсетуге мүмкіндік бар. Біздің экспедиция бағытын ерекше нысанға бұруымыздың мақсаты да осыны көздейді. Әлем жұртын таңғалдырып отырған тылсым белгіні қоғамға дәріптеп, ел назарын аудару. Алдымен өзіміз құндылығын бағалай отырып, шетелдіктерге көрсетуге жол ашсақ деген ой», - дейді  жергілікті жердің қыр-сырын қанық білетін,  Амангелді ауданының тумасы, әрі осы «Өр Торғай - ерлік мекені» экспедициясын ұйымдастырушылардың бірі Біржан Мешелов.
Еске сала кетейік, бұл геоглифтерді 2007 жылы Google Earth ғарыш түсірілімінің көмегімен Қостанайлық азамат Дмитрий Дей ашқан. Ол, ежелгі нысандардың практикалық мәні бар, күн күнтізбесімен, расытханамен өлшеу немесе есептеу аспабы болған деп санайды әрі алғашқы өркениет, алғашқы дін Торғай топырағында - осы жерде пайда болған деп есептейді.
2013 жылы жазда Торғай нысандарын көруге Оксфордтан (Ұлыбританиядан) ғалым Мотузайте Гиедре келді. Ағылшын ғалымдары ең «жас» торғайлық геоглифтер біздің дәуірімізге дейін бірінші ғасыр мен біздің дәуірдің бірінші ғасыры арасында салынған деген тұжырым жасады, яғни олардың 2,5 мың жылдық тарихы бар. Әрі Торғайдың жерден мүлдем көрінбейтін, ғарыштан ғана көзге түсетін ежелгі геоглифтер 7 мың және одан бұрынырақ уақытта салынған болуы мүмкін деп болжайды. 

Бақытжол Кәкеш