Торонто орталығында атыс болып, екі адам қаза болды

ТОРОНТО. ҚазАқпарат – Жексенбі күні Канаданың Торонто қаласының орталығында болған атыс-шабыс салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Global News-қа сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, жексенбі күні таңғы сағат 6-да Нассау және Оксфорд көшелері арасындағы Спадина даңғылына жедел жәрдем қызметінің бригадалары шақырылған. Осы ауданда болған жанжалдан кейін атыс басталып кеткені туралы полицияға бірнеше хабарлама түскен.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары онда оқ жарақатын алған 28-43 жас аралығындағы төрт ер адамды анықтады. Олардың екеуі сол жерде көз жұмды, тағы екеуі ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.