ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында киік мүйіздерімен төрт адам ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жергілікті полиция қызметі табиғат қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері жүргізген рейдтік шаралар барысында 31 тамыз күні Жәнібек ауданында киік мүйізін заңсыз сақтап, тасымалдаған 1981 және 1992 жылғы тұрғындар құрықталды. Олардан 4 дана киік мүйізі тәркіленді.
Сондай-ақ, 11 қыркүйек күні Бөкей ордасы ауданында төрт дана мүйізбен 1969 және 1992 жылғы тағы екі азамат қолға түсті. Тәркіленген мүйіздер сот-биологиялық сараптамаға жіберілді.
Аталған деректер ҚР ҚК 339-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, кешенді жедел іздестіру, тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).