ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін төрт адамға «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс 17-сессиясында қала әкімі Мұрат Мұқаев Қалам Сүйіншәлиевке, Меруерт Жолдықайыроваға, Николай Баймұқашевқа және Яхия Чудровқа марапаттарын тапсырды.
Соғыс және еңбек ардагері Қалам Сүйіншәлиев пен зейнеткер-ұстаз Меруерт Жолдықайырова көп жылдар бойы Орал педагогикалық институтында (қазір М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) еңбек етіп, білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосты. Режиссер Николай Баймұқашев теледидар мен мәдениет саласына еңбек сіңірсе, Яхия Чудров ұзақ уақыт «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясын» басқарды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).