«Төрт ағайынды» ісі: Еркін Ізбасар сотта өлең оқыды
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қылмыстық топ құрды, мұнай ұрлады, заңсыз сақтап, тасымалдады деп айыпталған Еркін Ізбасар жауап беруде.
Ол сот отырысы барысында өмірі мен денсаулығы, тергеу кезінде өзін ұрып-соққаны туралы айтты. Сондай-ақ тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Кейін өлең оқыды.
Еркін Ізбасардың айтуынша, ол 1997 жылы жол-көлік оқиғасы салдарынан арбаға таңылған. Содан бері 13 рет ота жасатқан.
«Үшінші рет сотқа келіп тұрмын. Мені соттай бере ме? Мені қамап, ұрып-соғып, тісімді сындырып тастады. Қызуым да көтеріліп отыр еді. Қапты басыма кигізді.
«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны атқаны.
Маған қиын осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп-қапқаны», деп айтқым келеді. Ал Аухат Қалиев үнемі жанымда жүрді. Бұл босқа отыр, мені көтеріп жүргені үшін. Мені күніне 8-12 адам көтеріп жүреді. «Неге көмектесесің?» деп сұрайды. Мен үшін, сауабы үшін тасыды»,- деді ол.
Айта кетейік, кеше сотталушы Қалдымұрат Қартжан сот алды жауап алу кезінде өзін азаптағанын жеткізген болатын. Сондықтан ол сотқа дейін берген жауабынан бас тартты.
Сот отырысы жалғасып жатыр.
Еске салайық, 2017 жылдың қараша айында Ақтөбеде мұнай ұрлығы бойынша Е. Ізбасар және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты іс сотқа жіберілген болатын. Басты айыпталушы - «ағайынды төртеу» лақап атымен белгілі Еркін Ізбасаров.
Қылмыстық топ мүшелері «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, сақтау, өткiзу, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» және басқа да ауыр және өте ауыр құқықбұзушылық санатына жататын баптар бойынша айыпталуда. Қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствоаралық жедел-тергеу тобы, сонымен қатар ІІМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы, облыстық прокуратураның процессуалды прокурорлары тергеді.
Қылмыстық іс бойынша барлығы 26 сотталушы бар. Олар: Адайбек Сәрсенов, Нұрболат Қайырбаев, Айбек Тілеуғазиев, Аухат Қалиев, Мұханбет Шавлетов, Еркін Ізбасар, Болатбек Бекетов, Жандос Ақмағамбетов, Жангелді Өтегенов, Руслан Дермұханов, Амандос Есенғалиев, Бекжан Құлтаев, Нұрлан Ноғаев, Саясат Дүсіпов, Сүлеймен Сүгірбаев, Мұрат Тұржанов, Сергей Савченко, Біржан Аманқұлов, Ербол Тектіғұлов, Қайыркелді Ізтұрғанов, Нұрлыбек Тонтаев, Жанат Тектіғұлов, Кәдіржан Пангерейұлы, Мұрат Қуанышев, Рахат Аханов, Қартжан Қалдымұрат.