Төрт апта қатарынан азық-түлік бағасы өзгеріссіз қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Сенбі күні Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияға әсер ететін факторларды талқылап, оны тежеу шараларын әзірлеуге арналған кеңес өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: primeminister.kz

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, тамыз айында жылдық инфляция 12,2%-ға жетті (шілде айында – 11,8%). Баға өсімі әсіресе Қарағанды (14,4%), Ұлытау (13,6%), Ақмола (13%), Атырау (12,8%), Солтүстік Қазақстан (12,6%), Ақтөбе (12,5%) және Батыс Қазақстан (12,4%) облыстарында, сондай-ақ Астана (12,8%) мен Алматы (12,7%) қалаларында байқалды.

Инфляцияға ең көп әсер еткендер – ақылы қызметтер: коммуналдық қызметтер (+2,9%), көлік (+1,7%) және денсаулық сақтау саласы (+0,9%), – деді Азамат Әмрин.

Азық-түлік емес тауарлар бағасы орта есеппен 1%-ға өсті. Сонымен қатар кейбір тауарлар арзандады. Мысалы, тоңазытқыштар мен мұздатқыштар – 1,5%-ға, газ плиталары – 6,3%-ға, шыны бұйымдар мен ас үй құралдары – 0,1%-ға төмендеді.

Азық-түлік инфляциясы қарқыны биылғы екінші тоқсаннан бері екі есе баяулап отыр. Тамыз айында ол небәрі 0,5% болды. Төрт апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өзгеріссіз қалып отыр. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері алғаш рет олардың индексін 7,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, азық-түлік инфляциясына импорт үлесі (азық-түлік құрылымында – 23–27%) айтарлықтай әсер етеді. Осыған байланысты импортты алмастыру бағдарламалары аясындағы шараларды күшейту ұсынылды.

– Апта ішінде көкөністер мен күріш арзандап, қант бағасы төмендеді. Тұз бен күнбағыс майы бағасының өсуі баяулады. Бұл, негізінен, өндірушілермен жасалған бағаны тұрақты ұстау туралы келісімдердің нәтижесі, – деді Бижанова.

Айта кетейік, Астанада азық-түлік тауарларының ассортименті кеңейтілді.