«Заң жобасында 4 басты бағыт айқындалып, заңнамалық сипатта жеке баптармен бекітілген. Олар жайылымдарды реттеу, ұйымдастыру, жоспарлау және басқару жүйелерімен қалыптасқан. Осы бағыттарды іс жүзінде жүзеге асыру үшін Үкіметтің, уәкілетті органның, облыс, аудан, ауылдық округтердің әкімшілерінің және аудандық өкілетті орган - мәслихаттардың, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің құзіреттері белгіленген және жеке нормалары енгізілген», - деді заң жобасын таныстырған депутат Жексенбай Дүйсебаев.
Сонымен қатар оның айтуынша, заң жобасында өңірлердің табиғи жағдайларын ескере отырып, олар әр деңгейде болғандықтан өңірлер бойынша мал басын ұстап-бағу нормативтерін жасау және бекіту құқығын уәкілетті органның меншігіне беру қарастырылған.
«Аудандық және ауылдық атқарушы органдар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесімен бірлесіп, әрбір ауданаралық, ауылдық округтердің жайылымдарына мониторинг жасап, жоспар жасайды. Жоспар арқылы жайылымдардың көлемі, оның өнімділігі, бағылатын мал басы саны, қандай көлемде жайылымдардың бос жатқандығы және мал басының қандай жерлерде тығыз орналасқанын анықтайды. Жайылымдарды реттеу және басқару жүйесі құрылады», - деді Дүйсебаев.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы алғанда заң жобасы еліміздің 187 млн. гектар жайылымдық жерлерін тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызып, мал саласын дамыту үшін жағдай жасайды және қолда бар шаруашылық субъектілерінен кооперативтер құру үшін ынталандырушы фактор болып табылады.