Бұл келісім Түркияның Анталья қаласында өткен COP31 климат конференциясы аясында жасалды. Құжатқа төрт елдің энергетика ведомстволарының өкілдері қол қойды.
Жоба жаңартылатын және басқа да таза энергия көздерінен өндірілген электр қуатын Әзербайжан – Грузия – Түркия – Болгария бағытымен тасымалдап, одан әрі Еуропа нарығына жеткізуге мүмкіндік береді.
Аталған елдер электр энергиясын шекарааралық желілер арқылы жеткізуді дамытып, оны сату тетіктерін жетілдіруге және үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін техникалық әрі нормативтік талаптарды үйлестіруге ниетті.
Бұдан бөлек энергетика саласында талшықты-оптикалық инфрақұрылым құру және деректерді беру жүйелерін дамыту бағытында да ынтымақтастық орнату жоспарланған.
Түркияның энергетика министрі Алпарслан Байрактардың айтуынша, жаңа әріптестік 2024 жылы басталған энергетикалық ынтымақтастықтың жалғасы саналады. Ал 2025 жылғы сәуірде Бакуде қол қойылған меморандум осы байланысты бекіте түсті.
Келісімнің жүзеге асуы таза электр энергиясының саудасын кеңейтіп, энергия көздерін әртараптандыруға және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Бұған дейін Түркия БҰҰ-ның COP31 климаттық конференциясын алғаш рет өткізіп отырғанын хабарлаған болатынбыз.