Төрт елдің әртістері Қарағанды облысындағы DosStar фестивалінде өнер көрсетті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында өткен DosStar оперетта және мюзикл фестивалінде Қазақстан, Ресей, Германия және Сербия әртістері өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ әкімдігінің ақпаратына сәйкес, фестиваль 25 қазанда Теміртау Мәдениет үйінде басталды. Мұнда көрермендер назарына Омбы мемлекеттік музыка театрының «Жасырын махаббат» қойылымы ұсынылды. 26 қазанда Сербия ұлттық театрының жетекші опера солисті Бранислав Ятич қарағандылық әртістерге вокал бойынша шеберлік сабағын өткізді. Бұл, оның Қазақстанға алғашқы сапары емес. Опера әншісі бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда шеберлік сабақтарын өткізіп, өз өнерін көрсеткен. «Бірнеше жыл бұрын Алматыда үлкен және маңызды шеберлік сабағын өткіздім. Студенттермен жұмыс жасадым, сондықтан «маңызды» деп отырмын. Оларды оқыту, оларға көбірек білім беру керек болды. Ал, мұнда кәсіби мамандармен жұмыс жасадым, олармен оңайырақ. Меніңше, бұл толыққанды оқуға қарағанда, көбіне тәжірибелік кеңеске ұқсас», - дейді ол. Ал германиялық меццо-сопрано Сюзанна Хайнцманн Қазақстанға алғаш рет келген. Ол Еуропадан тыс театрлардың қалай жұмыс істейтінін көргісі келгендіктен, фестивальге шақыруды қабыл алған.

«Бірінші байқағаным, Қарағандыда барлығы өте мейірімді, барлығы көмектесуге дайын тұрады. Олар мені жылы қабылдады. Мен басқа елдердің әртістерімен алдағы бірлескен қойылымдарға қатысты қатты қобалжыдым, бірақ бәрі мені жұбатты. Мен мұнда нағыз өз ісінің мамандары жұмыс істейтініне көз жеткіздім», - деді әртіс. 26 қазанда фестиваль аясында Теміртау Мәдениет үйінің сахнасында елордалық «Жастар театры» «Жібек» спектаклін қойды.

Фестивальдің соңғы күні - 27 қазанда Қарағанды Музыкалық комедия театрының сахнасында барлық қонақтардың қатысуымен гала-концерт өтті. Түрлі елдерден келген театр солистерін тыңдауға келген жұрт қарасы көп болды. Алғашқы DosStar фестивалі Қарағандыда 2012 жылы Қарағанды Музыкалық комедия театрының бастамасымен өтті. Кейін шараны жыл сайын өткізу ұйғарылды. Содан бері оған Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан, Латвия, Литва, Грузия, Армения, Молдова, Польша және басқа да 17 елден 500-ден астам әртіс қатысты.