Төрт қазақстандық дзюдошы Аустриядағы Гран-приде қола медаль үшін белдеседі

АСТАНА. KAZINFORM – Аустрияның Линц қаласында дзюдодан Гран-при турнирі басталды.

Фото: ҚР ҰОК

Алғашқы жарыс күні 4 отандасымыз финалдық кезеңге жолдама алды. Шерзод Давлатов 60 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында Дильшот Халматовқа есе жіберіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Ол тағы бір қазақстандық балуан Аман Бақытжанмен үшінші орын үшін таласады.

66 келіге дейінгі салмақта Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалда бразилиялық Рональд Лимаға жол берді. Осылайша отандасымыз қола медаль үшін өтетін белдесуде испаниялық Адриан Чинарромен кездеседі.

48 келіге дейінгі салмақта Әбиба Әбужақынова ширек финалда Вера Вандельге (Нидерланд) есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде отандасымыз Мэри Ди Варгасты (Чили) жеңді. Осылайша Әбиба нидерландылық дзюдошы Амбер Гершеспен қола жүлдені сарапқа салады.

Бұған дейін Ғұсман Қырғызбаев пен Шерзод Давлатов Аустрия Гран-приінің жартылай финалына жолдама алғанын хабарлағанбыз.