Төрт күнде Астанада 45 мың текше метр су сорылып алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жауын-шашынның көп түсуіне байланысты Астана қаласының ТЖ департаменті мен комуналдық қызметтер күшейтілген режимде қызмет етуді жалғастыруда. Толассыз жаңбыр Астана қаласында бірнеше тәулік бойы жауып келеді. Ылғалдылықтың жоғары болуынан жауын сулары сіңбей, салдарынан судың көп мөлшері жер бетінде қалып қоюда.

Осы күндері жауын-шашын мөлшері бір айлық нормадан асып кеткен, қаланың бірнеше көшесі мен үйлерін су алып, бұл жерлерде тәулік бойы суды сору жұмыстары жүргізілуде. Төрт күннің ішінде (мамырдың 16-21 аралығында) Астана қаласында 45 мың текше метр су сорылып алынған.

20 мамыр жағдайындағы деректер бойынша көше мен үйлерді жер асты суынан арылту бойынша қоңыраулар түскен, нақтылай түссек: «Алматы» ауданынан - 140, «Сарыарқа» ауданынан -225, «Есіл» ауданынан - 22 өтініш. Барлық өтініштер бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мамырдың 20-ы күні 11 591 мың текше метр су тазартылған. Бүгінгі күні қала көшелерінде 215-ке жуық арнайы техника жұмыс істеуде. Синоптиктердің болжамынша, жауын-шашынды ауа-райы Астана қаласында апта соңына дейін сақталмақ.

Су алған аудандарда Астана қаласы ТЖ департаментінің, «Астана Тазалық» ЖШС мен ауданның мердігер мекемелерінің күштері мен құрылымдары жұмыс істеуде.

Жауын-шашынның көп түсуіне байланысты 17, 18, 19, 20 мамыр күндері «Западный», «Газмашаппаратуры» саяжайлық одақтарындағы үйлерді су алудан сақтау мақсатында Есіл өзені арнасының бойымен екі жерден қорғаныс орнатылды. 4 күннің ішінде «ӨС және АҚЖҚ» ММ күшімен 14 872 м3 су сорылып алынды, 3450 құм толы қап қойылып, жеке құрамнан 65 адам және 12 техника жұмылдырылды.

Астана су қоймасындағы судың көлемі 409 млн. м3-ты құрайды. Соңғы тәуліктерде келген судың көлемі - 1.5 млн.м³. Астана қаласының жобалық дамбасының көлемі 450 млн.м3, бүгінгі күні су қоймасының нақты көлемі 138,9 млн.м3 құрайды.