«Қазавтожол» РМК мәліметіне қарағанда, бүгін таңертеңнен бастап Ақмола облысы арқылы өтетін «Екатеринбор-Алматы» жолының 915-1006 шақырымындағы Жақсы мен Атбасар аралығында (964-ші шақырымын су шайған) жол жабық.
Ал Қарағанды облысы аумағындағы «Ақшатау-Ағадыр» автожолының 90-195 шақырымы (166 шақырым 750 м. жолды су шайды) аралығындағы қозғалыс шектелді. Айналма жол - «Қарағанды-Ақсу-Аюлы-Ақадыр» арқылы.
«Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының 17-217 шақырымындағы (43,141, 169, 174, 178 шақырымды су шайды) Қарағандыдан Қарқаралыға дейін жол жабық тұр.
Сонымен қатар «Бастау-Ақтау-Теміртау» жолының 1-12 шақырымындағы Бастаудан Ақтау кентіне дейінгі учаскеде көліктердің жолға шығуына тыйым салынды.
Ал Шығыс Қазақстан облысында «Семей-Қайнар» жолының 8-166 шақырымында (27 шақырымды су шайған) қозғалыс шектелді. Айналма жол - «Семей-Қарауыл».
ОҚО-да су тасқынына байланысты «Самара-Шымкент» автожолының 2217-2235 шақырымы аралығында (2229 шақырым көпір) көліктің барлық түріне қозғалыс шектелді. Арыс өзені арқылы өтетін жағалау мен көпір тіректерін су шайып кетті. Айналма жол - Тамерлановка ауылы арқылы.
Қазавтожолда атап өткендей, су басуы мүмкін учаскелерде нығайту, бекіту жұмыстары жүріп жатыр, алдын алу белгілері қойылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.