Төрт өңірде тас жолдардың жабылуына байланысты 400 адам пойызбен тасымалданды

Фото: Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Төрт өңірде тас жолдардың жабылуына байланысты Ұлттық тасымалдаушының пойыздарымен шамамен 400 адам тасымалданды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады. 

Тас жолдардың уақытша жабылуы және басқа көлік түрлерінің қозғалысы шектелуі жағдайында пойыздар ең сенімді әрі қауіпсіз көлік құралы саналады.

- Бүгін Сарыбел, Екібастұз, Ерейментау және Бурабай курорты станцияларынан Ұлттық тасымалдаушының пойыздарымен шамамен 400 жолаушы тасымалданды, - делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Тасымалдау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ұлттық тасымалдаушы азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, аса қажеттілік болмаған жағдайда ұзақ сапарлардан бас тартуға шақырады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана-Щучье тас жолында 40-қа жуық автокөлік соқтығысқанын жазған едік. Бірқатар автожол қозғалысы шектелгеніне байланысты ұлттық тасымалдаушы шұғыл шешім қабылдады.