Төрт түлік малы төсінде өрген «Бастау»

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Осы күні елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде және өңдеуде шаруа қожалықтары мен шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігіне зор көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда бұл міндеттер Ақмола облысының Атбасар ауданында да қолға алынып, игі нәтижесін беруде. Бұған бүгін облыс әкімінің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Атбасар ауданында өткен баспасөз саяхаты барысында БАҚ өкілдері анық көз жеткізді.

Әсіресе, аталған аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірінен саналатын «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі қадамы көз сүйсіндіреді.

Іргесі сонау 1929 жылы ұжымдастыру кезінде қаланған шаруашылық кейінірек «Красная заря» аталып, кеңес заманындағы ірі ұжымшарлардың бірі болды. Қайта құру кезінде «Қаратомар» өндірістік кооперативі болған шаруашылық 1994 жылы «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне айналды. Соңғы кездері  егінмен бірге мал шаруашылығын қоса дамытып отырған серіктестіктің тасы жыл өткен сайын өрге домалап, табыс көлемі де арта түсуде.

Бүгінде іскер басшы, талантты ұйымдастырушы Темірхан Мұқышев басқаратын серіктестік жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсіріп, табыс көлемін жыл санап арттырып, аудандағы ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың санатынан ойып тұрып орын алған.

Серіктестіктің техника паркін түгелге жуық жаңартып, «Бюллер», «Джон-Дир» сияқты қазіргі заманғы шет елдік алымдылығы жоғары ауыл шаруашылығы  техникаларын сатып алу жағынан да жұмысы айтарлықтай өнімді болып отыр. Ылғал үнемдегіш технологияға көшкен шаруашылық жыл сайын бітік егін өсіруде. Өткен күзде де ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өздеріне жеткілікті, одан қалды, сыртқы саудаға шығарарлықтай астықты құтты қамбаға құйып алды. Биыл да астығы жайқалып, бітік шығып отыр. Қазіргі кезде барлық күш жаппай егін орағына жұмылдырылуда.

Дәл қазір серіктестікте егін, мал шаруашылығын қоса есептегенде 200-ден астам адам тұрақты еңбек етеді. Механизаторлар мен малшылардың айлығы да жаман емес. Орташа 90-95 мың теңгенің көлемінде. Бұл есігінің алдында бау-бақша салып, одан қалды, азын-аулақ мал ұстайтын ауыл тұрғындары үшін біраз напақа. Соншама адамды еңбекпен қамтып отырған шаруашылық ауылдағы мәдени-әлеуметтік нысандарды ұстауға да үнемі көмек көрсетіп келеді. Зейнеткерлер мен бюжеттік мекеменің қызметкерлеріне тегін шөп түсіріп беріп, басқа да көмек-қолдау көрсетіп тұрады. Ауылда жұмыссыз адамның болмауы серіктестіктің халыққа көрсетіп отырған ең үлкен қамқорлығы  екендігі анық.

Шаруашылық бүгінгі күні «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, шет елдерден асыл тұқымды ірі қара сатып алған. Ол үшін алдымен бір мезгілде 5000 бас ірі қараны асырайтын репродуктор құру, сондай-ақ, 1000 бас ірі қараны бордақылау алаңын ашқан. Жалпы құны 1207,5 миллион теңгеге бағаланатын бұл жобаны 2012-2014 жылдары жүзеге асырған. Жобаның 1050,0 миллион теңгесі «Үдемелі инустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несиеге берілсе, 157,5 миллион теңгені  серіктестік өз қалтасынан шығарған. Дәл қазірдің өзінде серіктестікке шет елден әкелінген 1700 бас абердин ангус тұқымды ірі қара мал өсірілуде. Бұл мұхит асып келген ангус сиырларына серіктестік басшыларының да көңілі толып отыр.

-Мұндай ірі қара мал өнімділігі жағынан дес бермейді. Біздің жақтың үскірік аязына төзімді. Қыстың күні қардың үстінде жүріп те, бұзаулай береді. Қанша суық болса да, күйін түсірмейді,-дейді серіктестік директоры Темірхан Мұқышев.

Жергілікті сиырлар сияқты көп күтімді талғамайтын ангустарды күтіп-баптау шаруашылық малшыларына да жеңіл болып отыр.

-Шет ел сиырлары күй талғамайды. Қысы-жазы далада. Оларға арнайы жылы қоралар салудың да қажеті жоқ. Өткен жылы әкелінген қашарлар жақында төлдейді деп күтілуде,-дейді басшының сөзін қостаған  серіктестік зоотехнигі Юрий Окунев.

Сонымен қатар, шаруашылықта бұдан басқа да мал тұқымы өсірілуде. Әсіресе, 2180 бас қазақтың ақбас сиырының болуы мал басының өсімі бар дегенді білдіреді. Жергілікті ірі қарадан алынған өгізшелер бордақыланып, жыл бойы етке өткізіледі. Биылғы жылдың басынан бері барлығы 1200 бас асыл тұқымды ірі қара сатылған. Яғни, етке деген сұраныс пен оның бағасының жоғарылығы серіктестікке қолма-қол ақша мен қомақты табыс әкелуде.

Сонау кеңес заманындағыдан біршама кеміңкіреп кеткенімен, мұндағы қой басы да жыл санап артып келеді. Қазірдің өзінде оның саны 3 мыңға жеткен. Өкінішке қарай, қойдан алынған жүнді өткізу  әлі сол мәселесі күрделі қалпында отырған жайы бар.

Оны айтасыз, «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 1700 жылқы да бар көрінеді. Оған құлақпен естіген емес, көзбен көрген адам ғана сене алады. Өйткені, бүгінгі таңда осыншама жылқы ұстайтын шаруашылық облысымыз түгілі республикамызда сирек кездеседі. Қысы-жазы өз азығын өзі тауып жейтін кетпен тұяқ жылқы түлігін ұстау тиімді, көп шығынды қажет етпейді. Шаруашылық мал жаятын жайлым жетіспеген соң жылқыларын сонау 350 шақырым жердегі Қарағанды облысының Нұра ауданында бақса, қойларын «Атбасар нива» серіктестігінің жерінде келісімшарт арқылы жаюда. Жазда сауылатын биелер осында әкелінеді екен. Бірақ, осыншама жылқысы бар серіктестік әзірге қымыз өндіру ісін оншалықты дұрыс жолға қоя алмай отырған көрінеді. Оған себеп, қымызды өткізудің қиындығы болып отырғанға ұқсайды. Аудандағы денсаулық сақтау мекемелері тарапынан серіктестік өндірген қымызға қажетті сұраныс болмай келеді. Екі мыңға жуық жылқысы бар шаруашылық үшін сұраныс болып жатса, қымыз өндіру көлемін әлденеше есе арттыруға мүмкіндіктің мол екені  даусыз.

Егіншілік шаруашылығымен салыстырғанда, мал шаруашылығынан түсетін пайда көлемі әзір сондай жоғары болмаса да, саланың әлі де ашылмаған резервтері баршылық. Осыны ескерсек, оның болашағының зор екендігіне көз жеткізу қиын емес. Мұнымен қатар, серіктестік соңғы кездері көкөніс пен картоп өсіруге де жете көңіл бөлуде. Қияр, сәбіз жинауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Әсіресе, мұнда картоп пен көкөніс мектеп асханасына және ұжымда еңбек ететін адамдарға тегін таратылып беріледі. Оған қоса, халықтың қосалқы шаруашылықтары қажетті жемшөппен қамтамасыз етіледі. Бастаулықтар тарапынан қолға алынып отырған мұндай әлеуметтік қадамдар ауыл адамдары үшін айтарлықтай қолдау әрі Елбасының Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығын дамыту жайына үлкен көңіл бөлініп отырғандығын байқатады. Жолдауда, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде фермерлік, шағын және орта бизнесті дамыту қажет деп атап көрсетілген еді. Бұл бағытта бастаулықтар жайқалтып егін егіп, мыңғыртып мал ұстап, нарық талабына сай жұмыстар жасап, елдің алды болуда.

    

Соңғы жаңалықтар