Төрт түліктің сүйегіне сурет салып, ерекше кәдесый дайындайтын ақтөбелік шебер
Гүлдана Серікқызы – ерекше үлгіде кәдесый дайындап жүрген талантты әрі санаулы жастардың бірі. Kazinform тілшісі биыл Қазақстан этнодизайнерлер Одағына қабылданған ақтөбелік шебермен аз-кем әңгімелесіп, көпшілік қызығушылығын тудырған туындылары жөнінде сұрады.
Оның «Өмір жалғасы» атты туындысы аз уақытта көрермен көзайымына айналып үлгерген.
- Бұл өз өмірімнің айнасы. Алдымен өзімнің қыз күнім, кейін келін болған шағым және балалы болған кез бейнеленген. Әрі қарай қызымның әр қадамын қалт жібермеуге тырыстым. Түйіндеу үшін сұлу қалыңдықты бейнеледім. Қызымның болашағы жарқын болсын, бағы жансын деген ниетпен майлы бояумен салдым, - дейді шебер.
Жауырынға салынған әр суреттің уақыт пен шеберлікті қажет ететіні көрініп тұр. Себебі Гүлдана Серікқызы алдымен сүйекті дайындап, өңдеп алған. Технологиясына үңілсек, сүйекті қайнатып, майынан, артық еті мен сіңірінен арылтады. Кейін екі күн бойы кептіріп, тазартады. Құрғақ әрі таза сүйекке сурет салу да оңай шаруа емес. Сүйекке суретті қарындашпен салып, кейін үстінен бастырады.
- Жауырын өте жұқа сүйек. Сондықтан адам бейнеленсе алдымен басынан бастап саламыз, кейін сүйек қызса аяғына ойысамыз. Осылайша қызып кетпеуін қадағалаймыз. Сүйек өте нәзік, ол морт сынуы мүмкін. Егер сурет күрделі, элементтері көп болса, жұмыс бірнеше күнге созылады. Өзім ең алдымен кәрі жілікті кәдеге жаратып көрдім. Кейін ауылдағы анама хабарласып, кәрі жілік керек деп айттым. Ол қорапқа құйымшақ, жауырын, жамбас, мойын омыртқа да салып жіберген. Содан тек кәрі жілік емес, өзгелерін де өңдеу туралы ой келді. Технологиясын ешкім үйретпеді, өзім ізденіп, қиялға беріліп, жаңа дүние жасап шығардым, - деді ол.
Сонымен бірге Гүлдана Серікқызы асыққа да сурет салып, безендіреді. Ол үшін ірі қара мен ұсақ малдың асығын пайдаланған. Тек өзі ғана емес, оқушылары да осы өнерге құштар. Олардың қолынан шыққан бұйымдар қазір сұранысқа ие.
- Балалар асыққа қызықса екен деген тілекпен асықты өңдеп, ойын түрлерін түсіндіреміз. Сонымен бірге мойыномыртқа да тазартылып, «жаңа туған нәрестенің мойны тез қатайсын» деген тілекпен ілінетінін айтамыз. Ал кәрі жілікті «босағамыз берік болсын, бәле-жаладан сақтасын» деп іледі. Ол туралы көп ізденіп, оқыдым. Аңыз әңгімелер де бар, - дейді Гүлдана Серікқызы.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Бұлақтыкөл ауылында дүниеге келген Гүлдана алдымен колледж, кейін университетте «Дизайн-графика», «Бейнелеу өнері және сызу» мамандықтары бойынша оқып, диплом алды. Арнаулы орта және жоғары оқу орындарында білім алып жүрген кезде түрлі көрмелерге қатысып, суреттерін көпшілік назарына ұсынады. Ақтөбе қаласының «Туған жерім-нұрлы елім» атты күндері аясында «Дала бояулары» тақырыбында жеке көрме де өткізді. Біраз жылдан бері жиған-тергені аудандағы екі музейде сақтаулы тұр. Кейде қайырымдылық аукциондарына қатысып, туындыларын сатуға шығарады. Байғанин аудандық шығармашылық орталығы Дизайн үйірмесінің жетекшісі бүгінде бар білгенін шәкірттерімен бөлісіп келеді.