Төрт ұрпақ бойы Отанға адал қызмет етіп келе жатқан отбасы

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Бір атаның 4 ұрпағы 80 жылдан бері Отанға адал қызмет етіп келеді. «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған Кенжебек Төкешов өзінің әскери отбасы туралы ағынан жарылды.

Ол Отанға адал қызмет ету – отбасындағы ең басты қағида екенін айтады.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Біз, қазақ халқы, бұрыннан жауынгер халықпыз. Отан – біздің анамыз болса, оны қорғау – перзенттік парызымыз. Сондықтан бұл қызмет біздің әулетімізде атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр. Отбасымыздағы ең бірінші ұстаным – Отанға деген махаббат пен сүйіспеншілік, – дейді ҚР ҰҚУ Бас штаб факультетінің магистранты.

Кенжебек Төкешов 4 ұрпаққа жалғасқан әскери қызметтің тарихына да тоқталды.

– Менің атам – Төкеш Өтеғалиев. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына әскерге шақырылып, 1943 жылы Сталинград түбіндегі қанды шайқаста хабар-ошарсыз кеткен. Ол кісіні іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ол – менің әкемнің аманаты. Одан кейін менің әкем Жәлил Төкешов – ол кісі 1955 жылдан бастап Кеңес үкіметінің Қызыл армиясында қызмет еткен. Одан кейін өзім. Мен 1997 жылдан бері әскери ант қабылдадым. Биыл, бұйырса, 28 жыл болады. «Отанға адал қызмет – елге еткен еңбек» деген ұранмен келе жатырмыз. Төртінші ұрпағымыз – ол менің ұлым Асқар. Ол – 4-курс курсанты, – дейді ол.

Студия қонағы ұлының әскери қызметті қалай таңдағанын баяндады.

– Ұлым Асқар 3 жасынан бастап менің қасымда еріп жүрді. Әскерге деген ойы, әскери киімге деген махаббаты сол кезде ашылды деп айтсам, қателеспеймін. Кішкентай кезінен бастап менің әскери киімдерімді киіп, суретке түсетін. Әскери парадтарға, жауынгерлік қызметтерге, атыс жаттығуларына кейде менің кезекшілігім түсіп қалса, менімен еріп баратын. Кішкентайынан сарбаздардың өміріне етене араласты. Әскери борышымызды өтеп жүрген кезде қанша қалаларда қызмет еттік. Сол кездерде қасымда еріп жүрді. Ұлымның балалық шағы казармада өтті десем де болады, – дейді әскери әке.

Ұлттық ұлан шебінде қызмет ететін маман қызының да әскери салаға жақын екенін жеткізді.

– Асқардан кейінгі қарындасы да мектеп қабырғасында әскери салаға бағытталған сыныпта оқиды. Ол жерде бөлімше командирі. Нақты әскери саланы қабылдай ма, жоқ па, ол әлі белгісіз. Бірақ таңдауы әскери қызмет болса, қарсылық білдірмейміз. Әрине, бұл – қыз балаға қиын жол, – дейді полковник.

Отанға адал қызмет етіп жүрген отбасының төртінші ұрпағы да тікелей эфирде онлайн байланысқа шығып, сұхбат берді.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Бала кезімнен әкемнің тік тұрып, Отан алдындағы парызын адал атқарғанын көріп келе жатырмын. Ол маған үлгі болды. Бұл – менің саналы түрде қабылдаған шешімім. Отан қорғау – менің бала кезден келе жатқан арманым еді. Академияны сәтті аяқтап, болашақта нағыз кәсіби офицер болып, елімнің тыныштығын қамтамасыз ететін бөлімдерде қызмет еткім келеді, – дейді Асқар Жәлелов.

Ұлттық ұлан академиясының курсанты әскери өмірі туралы айтып берді.

Фото: Видеодан алынған скрин

– Академиялық оқу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Күн тәртібіміз нақты бекітілген. Ерте тұрып, күнімізді дене шынықтырумен бастаймыз. Одан кейін теориялық және практикалық сабақтар өтеміз. Апталық дайындықтар, жаттығулар, саптық дайындық – бәрі де болашақ офицер үшін маңызды. Қазіргі уақытта ғылыми жұмыс жазып жатырмын. Жұмысым – жасанды интеллектті байланыс құрылғыларына енгізу, – дейді ол.

Айта кетейк, бұған дейін 20 мыңға жуық әскери қызметшінің несиелері кейінге қалдырылатынын жазған едік.