Төрт жаңа тауар тобына міндетті таңбалау енгізіледі

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасырын экономикамен күресу үшін төрт жаңа тауар тобына міндетті таңбалау енгізілмек. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстанда міндетті таңбалауға жататын тауарлар тізбесі кеңейтілді. Тиісті бұйрық Сауда және интеграция министрлігі тарапынан жарияланды. Жаңартылған тізімге төрт жаңа тауар тобы, яғни сыра өнімдері, мотор майлары, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және сайғақ дериваттары (мүйізі) енгізілді.

Цифрлық таңбалау дегеніміз әрбір өнім бірлігіне Data Matrix бірегей кодын енгізу процесі. Бұл код тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркеліп, өнімнің өндірілген немесе импортталған сәтінен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік береді. Аталған жүйе нарықтың ашықтығын қамтамасыз етіп, бизнестің тең бәсекелі ортада жұмыс істеуіне, тұтынушыларды контрафакт пен сапасыз өнімнен қорғауға жағдай жасайды.

— Тауарлар тізбесінің кеңеюі олардың айналымын бақылау деңгейін арттырып, көлеңкелі сауда мен контрафактілік өнім көлемін азайтады. Жаңа талаптарды енгізу заңды бизнестің тұрақты дамуына, экономиканың нығаюына және тұтынушылардың құқығының қорғалуына ықпал етеді, — деп атап өтті Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов.

2025 жылдың 1 желтоқсаннан бастап сайғақ дериваттарын (мүйіздерін) міндетті таңбалау күшіне енеді. Заманауи сәйкестендіру құралдарын қолдана отырып енгізілетін бұл жүйе дериваттардың шығу тегін нақты анықтауға, олардың заңсыз айналымына жол бермеуге және заңды қорларын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Осы арқылы мемлекет браконьерліктің деңгейін төмендетуді көздейді.

Сыра өнімдері мен мотор майларын міндетті таңбалау 2026 жылдың 1 ақпаннан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау да бірнеше кезең бойынша енгізіледі, оның алғашқы кезеңі 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталады.

Айта кетейік, сауда саласындағы басым бағыттардың бірі — нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету, барлық қатысушылар үшін тең жағдай қалыптастыру, сондай-ақ тұтынушылардың сапалы әрі қауіпсіз өнім алуына кепілдік беру. Цифрлық таңбалау жүйесі осы міндеттерді іске асырудың тиімді тетігі.

Қазіргі таңда үш тауар тобына міндетті таңбалау қолданылады. Олар темекі өнімдері, аяқ киім және дәрілік заттар. Осы уақытқа дейін 7 миллиардтан астам тауар бірлігі таңбаланды. Сонымен қатар зергерлік бұйымдарды таңбалау бойынша пилоттық жоба аяқталды, ал биологиялық белсенді қоспалар, тұрмыстық химия, газ баллондары, медициналық бұйымдар, өсімдік майы және ағаш материалдарын таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылып жатыр. 

Еске салсақ биыл қандай тауар түрлеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізілетіні туралы жазған едік