Төрт жолақты Атырау-Доссор автожолы қашан салынады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылы 4 жолақты Атырау-Доссор автожолының құрылысы басталады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен еліміздің батыс өңіріндегі автожолдарды салуға қатысты қоғамдық талқылау барысында сенатор Сағындық Лұқпанов Атырау-Доссор автожолы қашан жөнделетіндігін сұраған еді.

«Бұл жол учаскесі 2009 жылы III техникалық санат өлшемдеріне сай қайта салынды. Ол кезде Атырау мен бүкіл өңір үшін жолдың маңыздылығы ескерілмеген. Учаскедегі қозғалыс қарқыны ұлғайғанын ескере отырып және «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері« ұлттық жобасына сәйкес 2023 жылы І техникалық санатқа ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу көзделген. 2025 жылдан бастап қайта құруды бастауды тапсырдым», - деді министр.

Сондай-ақ, ол аталған учаскені іске асыру ҚР Үкіметі бекіткен Атырау облысын дамытудың кешенді жоспарында қамтылғанын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ИИДМ ел үшін маңызды мәселелерді ашық қоғамдық талқылауды бастады.

Бүгін министрлік еліміздің батыс өңіріндегі автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау тақырыбы бойынша алғаш рет кездесу өткізді.

Іс-шараға министр Қайырбек Өскенбаев, Автомобиль жолдары, Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеттерінің, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылары, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, журналистер, блогерлер және қоғам қайраткерлері қатысты.

Сондай-ақ өңір тұрғындары Zoom бойынша талқылауға қосылды.