Төрт жылда 1,4 млн. шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Төрт жылда 1,4 млн. шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салынады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру мәселесіне арналған брифингте ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов мәлім етті.

«Тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту және халықтың тұрғын үйге қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде, жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылады. Тұрғын үй инфрақұрылымын қолдауға бөлінетін Ұлттық қор қаражаты есебінен 2015-2016 жылдары қаржыландырудың жалпы көлемі 110 млрд. теңгені құрайды»,- деді М.Құсайынов.

Жалпы, «ҚИК» ИҰ» АҚ желісі бойынша кейіннен жалға беру үшін тұрғын үй нысандарын салуды және сатып алуды барлық көздерден қаржыландыру 250 млрд. теңгені құрайды.

«Нәтижесінде 2015-2019 жылдары 1,4 млн. шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салынады», - деп атап өтті ол.