Төрт жылда Қызылорда балығының экспорты 3 есе артты

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 15 ақпанда тұрғындармен есепті кездесуінде айтты, деп хабарлады  ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«САРАТС» жобасының бірінші кезеңінің іске қосылуының арқасында балық шаруашылығы серпінді дамуда. Соңғы екі жыл қатарынан Арал ауданының Қамбаш көлі жағалауында балықшылар слетін өткізіп келеміз. 2016 жылы өңірдің балық саласы өкілдері салтанатты шараны ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады. Өйткені, осы жылдары аймақтың балық шаруашылығы қарқынды дамыды», - деп атап өтті облыс басшысы.

Нәтиже өз жемісін берді. Соңғы 4 жылда ғана балық өндіру көлемі 65 пайызға өсіп, оны өңдеу көлемі 2,5 есе, балық өнімдерінің экспорты 3 есеге артты. 2016 жылы қаңтар айында «Байқоңыр» ӘКК қатысуымен Арал ауданының Қарашалаң елді мекенінде жылдық қуаттылығы 900 тонна болатын балықты сервистік дайындау орталығы пайдалануға берілді.

Сонымен бірге, қызылордалық кәсіпкерлер ресейлік әріптестерімен бірлесіп Ульянов облысынан балық өңдейтін зауыт салып, бүгінде Ресей нарығында белсенді еңбек етуде.

«Біз, әрине, «САРАТС» жобасының екінші кезеңіне үлкен үміт артамыз. Сондықтан Үкіметпен бірлесіп осы фазаны тездетіп  жүзеге асыруға жұмыс жасаудамыз. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Шымкент қаласында қазақ-өзбек жұмыс тобының екінші мәжілісі өтуі тиіс, сонда өзбек жағынан  Дүниежүзілік банк арқылы екінші фазаның жобасы мәселесін келісуге шешім қабылданады деп күтілуде», - деді Қырымбек Көшербаев.