халқымыздың әлемдік деңгейдегі тұлға - Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтаса түскенінен еліміз болашағының тек ұтатынына назар аударды. Сонымен бірге ол Елбасының кезекті Жолдауына көңілі толатынын мынадай ойларымен жеткізді:
- Елбасының жыл сайынғы Жолдауын асыға күтетін жанның бірімін. Біз аға ұрпақ өкілдері небір зұлматты, соғыс пен жоқшылықты басымыздан өткізген соң, бүгінгі бейбіт заманның әр күніне шүкіршілік етіп отырамыз.
Биылғы Жолдауды да асқан ыждағатпен тыңдадық. Елбасы биылғы жылдың Қазақстан үшін ерекше қастерлі екенін айтты. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлының Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына қадам басқан уақытта өткенге жасаған қысқаша шолуы жанымды тебірентті.
Ойланып қарасам, Қазақстан халқына алғашқы жолдаған Жолдауында Елбасы бұдан былай біздің ұрпақтарымыз да әлемдік оқиғалардың нақ ортасында өмір сүретінін айтқан еді. Іштей тұшынғанмен, "бұл қашан болады, біз ол күнді көреміз бе?" деп ойлайтынбыз. Арада аз ғана уақыт өтті. Сол жылдары дүниеге келген сәби бір мүшелді артқа тастады. Шүкір, біз де әлемдік оқиғаларға жас ұрпақпен бірге куә болып отырмыз.
Біздің еліміздің ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің арасында 26 сатыға ілгерілеуі, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілуі зор жетістік. Орташа айлық жалақының, зейнетақының өсімі көңіл қуантады. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысаны салынғанына, соңғы онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейгеніне, 750 жаңа мектеп салынғанына қалай сүйсінбейсің. Мұндай қарқынмен өркендеген еліміз алдағы кезеңде де ұлан-ғайыр мақсаттарға қол созып отыр. Ендеше, "Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес" деп халқына ағынан жарылған Елбасыны бүкіл ел болып қолдауға шақырамын.
Татулық пен тыныштықтан асқан байлық жоқ екенін Елбасы үнемі айтып жүр. Жалындаған жастық шағында қан кешкен, қала берді буыны қатпастан майданға кеткен әке-ағалардың орнына жұмыс істеген бүгінгі ардагерлер үшін бұл ұғымдар соншалықты қастерлі. Сондықтан Елбасының "Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады", "Ырыс - ынтымаққа жолығады, дәулет - бірлікпен толығады" деген сөздері көкейдегіні дөп басты.
Биылғы Жолдаудан көкейге түйген ойларымды айта отырып, мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асыратын жетістіктерге қол жеткізуге ортақ Отанымыз - Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы атсалысса деймін.