Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биыл Үкіметке елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Алайда кейіннен мүдделі министрліктер мен ұлттық компаниялар төртінші мұнай өңдеу зауытын салудың орнына Шымкенттегі зауыттың қуатын арттыруды ұсынды.
«Неге біз төртінші МӨЗ салуды емес, Шымкенттегі зауыттың қуатын арттыруды жөн санап отырмыз? Мәселе мынада: еліміздегі мұнай өнімдерінің жалпы балансы ауруханадағы орташа температура іспеттес. Ал мұнай өнімдерін тұтынуды тұтастай арттыру бірқалыпты болмайды, әрі бұл елдегі қалыптасқан демографиялық ахуалмен тығыз байланысты», - деді Данияр Тиесов.
Бұл ретте «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілі қазақстандық мұнай өнімдерін өткізудің екі жолын атап өтті, оның біріншісі - ішкі нарық, екіншісі - экспорттық әлеует. Ал Данияр Тиесовтың сөзіне қарағанда, еліміздің оңтүстік өңірінде сұраныс жыл сайын артып отыр.
«Егер экспорт мәселесіне келсек, онда ашығын айтайық, біз Ресейге де, Қытайға да ондай мүмкіндік ала алмаймыз. Батыстағы Әзербайжан мен Иранда да мұнай өнімдері өздерінде жеткілікті. Ендеше, экспорттық әлеуеті зор бір ғана жол - бұл Орталық Азия елдері, ол өңірде мұнай өнімдері де жеткіліксіз, халық өсімі де зор», - деді Д.Тиесов.