Төртінші мұнай өңдеу зауыты Ұлытау облысында салынуы мүмкін

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі төртінші мұнай өңдеу зауыты Ұлытау облысында салынуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев айтты.

Иә, шындығында мұндай тапсырма бар. Қазір аса қажет те. Өйткені, бізде тұтыну көлемі артып келеді. Бүгінде аталған зауытты салудың бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр. Ұлытау облысында салынуы ықтимал. Сарапшылық қауымдастық тиісті есептеулер жүргізіп жатыр. Сондықтан да техникалық мән-жайы, сипаттамамасы, орналасатын орны нақтыланғаннан кейін қосымша хабарланады, - деді вице-министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Оның атап өтуінше, зауытты қандай қаражат есебінен салу мәселесі де пысықталып жатыр.

- Кеше Президент инвестиция тарту мәселесіне қатысты тапсырма берді. Алдын ала дерекке сәйкес, бұл нысан салынған жағдайда жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін болады, - деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Осыған дейін газ тарату компанияларының газ құбырына тікелей қосылуы заңнамалық тұрғыда бекітілетіні туралы жаздық.