Төсбелгідегі тарих: Астанада фалеристік жәдігерлер көрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы ҚР Ұлттық музейінде «Төсбелгілердегі тарих» фалеристік көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге шығысқазақстандық фалерист Қайырбек Рамазанов жинаған таңдамалы төсбелгілер қойылды.

«Бұрындары Екінші Дүниежүзілік соғыстан оралған аталарымыздың орден-медальдарын ата-аналарымыз қастерлеп, баланың қолы жетпейтін жерде сақтайтын. Ұлттық музей бұл бағытқа да үлкен көңіл бөліп келеді. Әлемде әр орден-медаль тарихынан кітап жазып, танылған тұлғалар бар. Қайырбек Рамазановтың да жинаған бұйымдары халқымыздың тарихын түгендеу тұрғысында құнды жәдігерлер болып саналады. Әсіресе жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор көрме болады деп есептеймін. Қ. Рамазанов өзі жинаған 12 мың медальдің әрқайсысына ғылыми тұрғыда тоқталып, анықтамалық тұжырым жасаған. Бар жәдігерін халықпен бөлісіп, музей қорына ұсынуы да ағамыздың отансүйгіштігінен хабар береді»,- деді көрменің ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин.

Бүгінде Қайырбек Рамазановтың топтамасында 12 мыңнан астам төсбелгі, орден мен медальдар бар. Оның 10 мыңға жуығы Ұлттық музей қорында сақтаулы.

«Өткен ғасырдың 1970 жылдарынан бастап, қолыма түскен барлық төсбелгілерді жинап келемін. Жеке қорымда кеңестік заманнан бүгінге дейінгі еңбек даңқы ордендері, ғарыш, теңіз флоты, педагогика, спорт, ауыл шаруашылығы бойынша отандық және шетелдік орден-медальдар бар. Дүниежүзінің монеталары мен қағаз ақшасы бар. Тіпті жүз мың теңгеге Победа төсбелгісін сатып алғанмын. Мұның бәрі - тұнып тұрған тарих»,- дейді Қайырбек Рамазанов.

Оның айтуынша, КСРО-да фалеристика 1950 жылдары танымал болды. Бұл кезде мемлекетаралық байланыстармен туризмге көңіл бөліне бастаған және түрлі естелік бұйымдар жаппай шығарылған.

Спикер өз сөзінде Қазақстан жастарын фалеристикамен белсенді айналысуға шақырды.

«Көп адамдар ата-бабаларынан қалған естелік белгілерді құнттамайды, жоғалтады, аяқасты етеді. Коллекционер ретінде еліміздегі қаншама төсбелгінің сақталмағанына, жер бетінен жоғалғанына жаным ашиды. Елеусіз болып көрінетін естелік белгілерді елу жылдан бері жинадым. Қазақтың ұл-қыздары, әсіресе жастар, үйіңізде жатқан бір тиын, бір медаль болса да, музейге тапсыруға тырысыңыздар. Мұның бәрі келер ұрпаққа мұра болып қалады. Әрқайсысы - тарихтан сыр шертетін құнды жәдігер болып саналады», - деді ол.

Қайырбек Рамазанов Өскемендегі машина жасау зауытында инженер болып қызмет еткен. Қазір зейнетте, Астана қаласында тұрады және фалеристік көрмелер өткізеді.

Айта кетейік, фалеристика - медаль, орден, төсбелгі, мерейтойлық, құрмет және ведомстволық сынды әртүрлі төске тағатын белгілерді жинақтау. Бұл атау Рим легионерлерінің марапатын білдіретін «Фалера» сөзінен шыққан. Аталған ұғымды өткен ғасырдың отызыншы жылдары чехословакиялық ғалым әрі коллекционер Олджих Пильц алғаш рет қолданып, ғылыми қолданысқа енгізген.