Тосын жайт болды – Майя Бекбаева «Құрмет» ордені жайлы

Танымал тележүргізуші Майя Бекбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Jibek Joly телеарнасы

«Президент қолынан осынау награданы алу зор ғанибет әрі өте толғанысқа түсірер сәт екені сөзсіз. «Құрмет» ордені – бұл тек менің ғана емес, бүкіл Президент телерадиокешені мен Jibek joly» телеарнасы ұжымының наградасы. Соңғы уақытта біз тарихымызға қатысты жобаларды бірге жүзеге асырып жатырмыз. Нәзір Төреқұлов жайлы соңғы фильмім де Президент Телерадиокешенімен бірге түсірілді. Мен өз командам үшін қуаныштымын әрі мақтанамын. Жаңа жеңістер мен жетістіктерге бірге жетейік», - деді ол Ақордада өткен марапаттау рәсімінен кейін.

Оның атап өтуінше, мұндай награда шығармашылық адамына мол шабыт береді.

«Сенің еңбегіңді байқап, бағалағанын түсінесің. Әрине, содан кейін қоғамға, еліңе пайдаланы қызықты дүниелер жасап, нағыз сапалы контент түсіргің келеді. Бүгін тосын жайт болды. Өйткені, соңғы 7 жыл бойы тарихи жобалар жасап келе жатырмын және бүгін ғана марапатқа ие болдым. Қоңырау шалған сәтте Семейде түсірілімде жүрген едім. Бірден жиналып, келіп отырмын», - деді Майя Бекбаева.