Австралия чемпионаты - «Үлкен дулыға» деңгейіндегі 4 жарыстың бірі. Әрбір теннисшінің алға қойған мақсаты осындай деңгейдегі турнирдің біреуіне болса да қол жеткізу. Ал қазіргі әлем теннисшілерінен осы дәрежеге қол жеткізгендер саны санаулы ғана. Ендігі кезекте осы жылғы Австралия чемпионатын саралап өтсек.
Қазақ теннисінің болашағы - Зарина Дияс
Жарыс басталған кезде еліміздің атынан «үлкен дулыға» сайысына алғашқы рет 8 спортшы қатысатын болды. Оның жетеуі негізгі турнир кестесінде бәсекеге түсе алды. Спортшыларымыздың ішінен, Зарина Диястың ерлігін айтпасқа болмас. Іріктеу турында 3 қарсыласынан басым түсіп, негізгі сайыста екі теннисшіден өте алды. Үшінші айналымда Симона Халептан жеңіліс тапты. Жаман емес. Себебі, іріктеу турымен санасақ, Зарина 5 қарсыласын ұта алды. Ал негізгі кестеден бастайтын теннисшілердің бірі сол - Халеп еді. Мықты теннисшілер қатарына кіретіні сөзсіз, және де Халеп Заринаға дейін екі кездесу ғана өткізген. Сөйтіп, Заринаның шаршап қалғанын да байқадық. Алайда, Австралия төрінде жақсы ойынымен көзге түсіп, жанкүйер қошеметіне ие болған қазақ қызының болашағы зор. Жарадың, Зарина!
Атақты Серена немесе фавориттердің жеңілісі
Естеріңізде болса, Серенаның жеңіліс тапқаны туралы да жазған едік. Әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямстың осалдық танытып қоярын ешкім күтпеген еді. «Сербияның сұлуы» болған Ана Иванович төртінші айналымда Серенаның жарыс жолын тоқтата алды. Үшінші ракетка Мария Шарапова да төртінші айналымда жеңіліп қалды. Австралия жанкүйерлері жарыстың қызығы әлі алда екенін байқағандай болды.
Ерлер арасындағы сайыс та сенсациялық нәтижелерге толы болды. 2009 жылы әлемге әйгілі Надальді, содан кейін ақтық бәсекеде Федерерді жеңіп, Америка ашық чемпионатын бағындырған аргентиналық талант Хуан Мартин Дель Потро небәрі екінші айналымға ғана жетіп, ары қарай өте алмады. Әлемнің 5-ші ракеткасы өзіне сай ойынды көрсете алмаса керек. Содан кейін азулы болғандар саны 8-ге жетіп, ширек финалдық жұптар кездесті. Әлемдік рейтингте 2, 3, 4-ші тұрған үш теннисші ширек финалда қарсыластарынан жеңіліс тапты. Оның ішінде ең қызығы Австралия чемпионатының төрт дүркін чемпионы, соның үшеуін соңғы үш жыл қатарынан иемденіп келген сербиялық теннисші Новак Джоковичтің жеңіліс табуы. Иә, оны жеңген Станислас Вавринка. Дәл солай. Швейцарияның даңқты теннисшісі Роджер Федерерден кейінгі екінші теннисші. Өткен жылы да сербке қарсы ойында жеңіске жақын болған Вавринка бұл жолы шын мәнінде мықты болды.
Теннис тарихындағы «pe(RF)ect»!
Ағылшын тілінен "perfect" сөзі мінсіз дегенді білдірсе керек. Осы орайда, Швейцарияның теннисшісі Роджер Федедер осындай атаққа барша теннис жанкүйерлерінен иеленіп кеткен еді. «Үлкен дулыға» сайыстарында осыған дейін 17 рет жеңіске жеткен. Спорттық мансабында 302 апта бойы әлемнің бірінші ракеткасы құзырында болып, рекордтық көрсеткішті жасаған.
Бүгінгі таңда Федерердің жасы 32-де, спорттық жаспен қарағанда әрине, ардагерлік жасқа таяп қалғандай. Десек те, Федерер мансабын аяқтамас бұрын, басқа теннисшілерге қауқарын көрсетуді қояр емес. Австралия турнирін 4 рет бағындырған. Ұлы теннисші осы жылы жартылай финалға дейін өтіп, Австралияда 11 рет қатарынан жартылай финалдық межеден төмен болмай, тағы бір рекордқа ие болды. 32 жасар теннисші әлемнің қазіргі бірінші ракеткасы испандық Рафаэль Надальға есе жіберді. Надаль мен Федерер арасындағы бәсеке қашанда қызық болары сөзсіз. Бірақ, финалда олардың біреуімен кездесуі тиіс Станислас Вавринка өз отандасын Федерерді күткенін айтты.
Станисластың сенсациясы ма, әлде Станислас басқаларға сынақ па екен?!
Міне, чемпионат та өз мәресіне жетті. Ақтық сында 13 рет «үлкен дулыға» сайыстарында жеңіске жеткен испандық Надаль мен спорттық мансабында тұңғыш рет «үлкен дулығада» финалға шығып отырған швейцариялық Вавринка. Барлығы үшін Надальдің басым болатындығы күтілген еді. Вавринка үшін финалға жетудің өзі үлкен ерлік деп шешті жанкүйер қауым. Бірақ ойын басталысымен, Швейцария теннисшісінің «тек Джоковичті ұтып қана қоймаймын, әлемнің бірінші ракеткасын да оңдырмаймын» деген дайындығы байқалғандай. Ойынның екі сеті өткеннен кейін байқалған нәрсе, іске асып болғандай. Надаль тек үшінші сетте амал тауып, сол сетті өзіне жазды. Төртінші сетті испандық ұтса, матч бесінші сетке ұласатыны анық. Ал егер төртінші сетті Станислас алса... Онда бұл тарих.
Станислас Вавринка өзінің «үлкен дулыға» деңгейіндегі тұңғыш финалымен ғана тоқталмай, тұңғыш үлкен турнирін бағындырды. Әлемнің 8-ші ракеткасы болып тұрған жерінен, ұпай санымен енді үшінші сатыға көтерілді. Қайтпас қайсарлығы мен мінезділігінің арқасында теннис әлемінде өзінің азулы қарсылас екендігін дәлелдеді. «Stan» - чемпион!
P.S. Қандай спорт түрі болмасын, жеңіс сезімі спортшы көзін жасқа толтырары сөзсіз. Күн-түн демей жаттыққан спортшының бірде қойған мақсатына жетуі - ерлік деп санаймын өз басым. Өйткені, «ерлік» деп атаған сөзімнің ішінде сол жеңіске жеткізген жолдың жатқаны белгілі.
Австралия ашық чемпионатының қорытындысы бойынша жеңімпаздар:
Ерлер арасында жекелей сында: Станислас Вавринка (Швейцария)
Әйелдер арасында жекелей сында: Ли На (Қытай)
Ерлер арасында жұптар сынында: Кубот Л. (Польша) /Линдштедт Р . (Швеция)
Әйелдер арасында жұптар сынында: Эррани С. /Винч и Р. (Италиялық жұп)