Тотақанов, Сариев және өзгелер: Қазақстандағы жалған қайырымдылыққа қатысты ең шулы істер

АСТАНА. KAZINFORM — Жалған ақша жинау, қолдан жасалған құжаттар, миллиондаған теңге көлеміндегі қайырымдылық қаржысы мен атышулы қылмыстық істер — Jibek Joly телеарнасындағы «Правда в деталях» бағдарламасында алаяқтардың адамдардың жанашырлығын қалай табыс көзіне айналдырып отырғаны туралы зерттеу жарияланды.

Фото: Видеодан скрин

Үш түрлі схема

Осыдан 10–15 жыл бұрын қайырымдылық атын жамылған алаяқтарға әлдеқайда көп күш жұмсауға тура келетін. Олар көбіне офлайн жұмыс істеді: мекемелерді аралап, көшеде ақша жинап, түрлі құжат көрсетіп, көмек науқанының шынайы екенін дәлелдеуге тырысатын.

Қолына мөлдір жәшік ұстап, сыртына науқас баланың суретін жапсырған жасөспірімдер немесе А4 форматындағы ламинатталған қағаз ұстаған әйелдер — мұның бәрі уақытты, батылдықты және адамдармен тікелей жұмыс істеуді талап ететін.

Әлеуметтік желілер кең таралғалы жағдай түбегейлі өзгерді. Қазір бөтен адамның суретін алып, әсерлі мәтін жазып, жиналатын соманы және банк картасының нөмірін көрсету жеткілікті. Бірнеше сағат ішінде жазба сторис, чаттар мен әлеуметтік желідегі бөлісулер арқылы тарап, ақша түсе бастайды.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде жалған қайырымдылықтың бірнеше кең таралған тәсілі пайда болды.

Бірінші әрі ең оңай тәсіл — шынайы көмек оқиғасын көшіріп алып, банк реквизиттерін өзгертіп, өзгенің қайғысын жеке пайдасына пайдалану. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алаяқтардың бір бөлігі дәл осылай әрекет етеді: олар нақты диагноздар мен фотоларды пайдаланады, бірақ қаражатты өз есепшоттарына бағыттайды.

Заңгер Саида Сүлейменованың айтуынша, мұндай жағдайға тап болған азаматтар оған жиі жүгінеді.

Видеодан алынған скрин

Екінші тәсіл — көпшілікке танымал адамдардың беделін пайдалану. Белгісіз парақшадағы жазбаға қарағанда, аудиториясы үлкен адамның парақшасындағы ақпарат көбірек сенім тудырады. Сондықтан алаяқтар блогерлерді тартуға тырысады: кейде жалған құжат көрсетіп алдайды, кейде олардың жазбаны бөлісуін сенім белгісі ретінде пайдаланады.

Мұның айқын мысалы — қазақстандық актриса әрі блогер Дарья Александроваға қатысты оқиға. 2022 жылы оған екі қыз хабарласып, науқас балаға көмек жинау туралы ақпарат таратуды сұраған. Олар баланың анасы екенін көрсететін құжаттар мен оқиғаның рас екеніне сендіретін видеолар жіберген. Дарья ақпаратқа сеніп, оны аудиториясымен бөліскеннен кейін оқырмандары ақша аудара бастаған. Кейін құжаттардың жалған екені, ал науқас балалар туралы мәліметтердің басқа парақшалардан ұрланғаны анықталған.

Саида Сүлейменованың сөзінше, бұл оқиғадағы ең маңызды жайт — Дарья Александрованың бірден құқық қорғау органдарына жүгінуі.

Үшінші схема — ең қатыгез тәсілдердің бірі. Алаяқтар өмірден өткен балалардың суреттерін пайдаланады. 2025 жылы Алматы облысында полиция қызметкерлері 2023 жылы қайтыс болған баланың еміне ақша жинады деген күдікпен әйелді ұстаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, келтірілген шығын көлемі 11 миллион теңгені құраған. Көп ұзамай желіде қайтыс болған тағы бір баланың суреттері тарап, оның атынан қайтадан ақша жиналғаны белгілі болды.

Заңгер Саида Сүлейменованың айтуынша, мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 190-бабы — «Алаяқтық» бойынша сараланады. Ал жаза қылмыстың құрамына байланысты белгіленеді және алдын ала сөз байласқан адамдар тобы қатысқан жағдайда жауапкершілік күшейеді.

Алаяқтардан қалай қорғануға болады

Сарапшылардың пікірінше, қайырымдылыққа ақша жинауды жеке шот арқылы емес, арнайы есепшот арқылы жүргізген дұрыс. Бұл бір жағынан донорларға қаражаттың қайда жұмсалғанын бақылауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан құқық қорғау органдары тарапынан туындайтын артық сұрақтардың алдын алады.

«Милосердие» қоғамдық қорының директоры Аружан Саиннің айтуынша, алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы — тексеру.

Ол ақша аудармас бұрын жағдайдың рас-өтірігін анықтап алу қажет екенін айтады. «Милосердие» қоры 20 жылдан бері ашық жұмыс істеп келеді: ұйым қаражаттың жұмсалуы туралы есептерді сайтында тұрақты жариялап отырады.

— Егер қор ашық әрі адал жұмыс істесе, оған қолдау бәрібір болады, — дейді Аружан Саин.

Видеодан алынған скрин

Тотақановтар ісі: шынайы қайғы табыс көзіне айналғанда

Соңғы жылдардағы жалған қайырымдылыққа қатысты ең шулы істердің бірі — астаналық Даулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты іс.

2020–2024 жылдары ерлі-зайыпты әлеуметтік желілер арқылы туғаннан ауыр дертке шалдыққан ұлын емдеуге ақша жинаған. Қаражат Instagram мен Facebook желілері арқылы жиналды. Жарияланымдарда баланың видеолары, диагнозы, емі және шұғыл көмек қажет екені айтылған әсерлі үндеулер жарияланып отырған.

Адамдар әлеуметтік желідегі кезекті жазбаға емес, нақты отбасының қайғысына сеніп, ақша аударған.

Бұл іс бөтен адамның суретін пайдаланып жасалатын жалған схемалардан өзгеше болды. Баланың бары да, оның денсаулығындағы қиындықтар да күмән тудырмаған. Ата-анасы шынымен өз ұлы туралы айтқан. Алайда тергеу мен сот жиналған қаражаттың едәуір бөлігі мақсатсыз жұмсалған деген қорытындыға келген.

Мән-жайды сандардың өзі аңғартады

Тергеу мәліметінше, ерлі-зайыпты 1,3 миллиард теңгеден астам қайырымдылық қаражатын жинаған. Сотта Толқын Тотақанова мен оның анасының есепшоттарына жалпы көлемі шамамен 2,2 миллиард теңге түскені айтылды. Оның 1,4 миллиарды — қайырымдылық ретінде аударылған қаражат.

Ал сот дерегіне сәйкес, баланың еміне нақты жұмсалған сома небәрі 6,4 миллион теңгені құраған.

Тергеу барысында қаражаттың қомақты бөлігі басқа мақсаттарға жұмсалғаны анықталған. Сот мәліметінше, жалпы құны 47 миллион теңге болатын екі пәтер, 8 миллион теңгеге жер телімдері және Lexus RX 300, Hyundai Santa Fe, Toyota Camry 75 пен Toyota Land Cruiser Prado 150 көліктері сатып алынған.

Бұдан бөлек:

· 9,7 млн теңге брендтік тауарлар мен құмар ойындарға;

· 349,5 млн теңге қарыздарды өтеуге;

· 481 млн теңге Facebook Ads жарнамалық платформасына жұмсалған.

Соңғы көрсеткіш істің мәнін айқын көрсетеді. Қайырымдылыққа түскен қаржының бір бөлігі жаңа аудитория тартуға, көбірек қаралым мен аударым жинауға арналған жарнамаға қайта салынған. Осылайша қайырымдылық науқаны тұрақты жұмыс істейтін цифрлық жүйеге айналған: видеолар, жазбалар, стористер және нысаналы жарнама үздіксіз жүргізілген.

Астана қаласы прокурорының көмекшісі Эльдар Ракишев қылмыстық істің қозғалуына не себеп болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, емге нақты жұмсалған қаражат көлемі мен жиналған ақшаның арасындағы айырмашылық күмән тудырған. Оның үстіне, ем аяқталғанына қарамастан ақша жинау тоқтатылмаған.

Видеодан алынған скрин

Айыптау Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тағылған: аса ірі көлемдегі алаяқтық және алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру.

2026 жылғы 9 қаңтарда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында үкім жарияланды.

Толқын Тотақанова 7 жылға бас бостандығынан айырылып, 10 жыл мерзімге қайырымдылықпен айналысу құқығынан айырылды. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленді. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі екі жылға шегерілді.

Даулет Тотақанов орташа қауіпсіздік мекемесінде 7 жылға сотталды. Оның мүлкі де тәркіленіп, 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналысуына тыйым салынды.

Қорғаушы тарап пен Толқын Тотақанова үкіммен келіспейтінін айтты. Соңғы сөзінде ол барлық қаражат ауыр дертке шалдыққан ұлын емдеуге жиналғанын, жеке пайда көзделмегенін мәлімдеді. Алайда сот нақты шығындарды саралау арқылы бұл уәждерді негізсіз деп таныды.

— Осындай жағдайлардан кейін адамдардың көмектесуге деген сенімі азаяды. Жанашырлық — қоғам үшін аса маңызды құндылық. Оған нұқсан келсе, зардабын бүкіл қоғам тартады, — деді Эльдар Ракишев.

Ілияс Сариев: халық сенімінің көлеңкесіндегі алаяқтық

Бұл оқиғада жұртты сендірген нәрсе науқас баланың суреті де, аянышқа құрылған бір реттік үндеу де болған жоқ. Негізгі ықпал — көп жыл бойы қалыптасқан бедел еді. Ол әлеуметтік желіде халыққа жанашыр адам ретінде танылды. Қиналғандарға көмектесіп, қарапайым жұрттың мәселесін көтеріп жүрді. Көпшілік оны әділдік іздеген адамдардың жанынан табылатын азамат ретінде қабылдады.

Ілияс Сариев қоғамға дәл осындай бейнемен танылды. Әлеуметтік желіде оны «Қазақ Робин Гуды» деп атады.

Фото: Kazinform / Freepik / Pexels

Сариевтің Instagram-парақшасына шамамен 600 мың адам жазылған. Ал оның қызметімен байланысты «Елге көмек» қорының парақшасын 400 мыңға жуық адам қадағалап отырған. Қорда ауыр науқас балаларға, қарттарға және мұқтаж отбасыларға қаржы жинау туралы хабарламалар тұрақты жарияланып тұрған.

Өзін асаба, той жүргізушісі әрі шоумен ретінде таныстырған Сариев негізгі табысын осы саладан табатынын айтқан. Ол қайырымдылықпен айналысатын адамның бейнесін 2021 жылдан бастап қалыптастырды. Кейін 70 отбасыға баспана алып беруге көмектескенін және 203 адамды тегін қажылыққа жібергенін мәлімдеген.

2025 жылдың сәуірінде бұқаралық ақпарат құралдарында Ілияс Сариевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Оған бірнеше азамат қор басшысының әрекетінен зардап шеккендерін айтып, алаяқтық бойынша шағым түсірген.

Іс материалдарында барлығы 26 дерек қамтылған. Олар екі бағытқа бөлінген.

Бірінші бағыт қайырымдылық қорына қатысты болған. Тергеу мәліметінше, Сариев ауыр дертке шалдыққан адамдардың туыстарынан ақша алып, олардың өтінішін Instagram-парақшасында жариялауға уәде берген. Емге қаржы іздеген отбасылар үшін мұндай жарияланым соңғы үміттің бірі еді. Өйткені әлеуметтік желідегі бір видео көпшіліктің назарын аударып, көмек жинауға жол ашуы мүмкін болатын. Алайда уәде етілген видеолар жарияланбаған. Осы дерек бойынша алты адам жәбірленуші деп танылды.

Екінші бағыт Ақтоты Дүйсееваға тиесілі туристік компанияға қатысты болған. Компания арқылы адамдарға қажылық пен ұмра сапарлары ұсынылған. Алайда тергеу мәліметінше, азаматтар ақша төлегенімен, уәде етілген сапар толық ұйымдастырылмаған. Соның салдарынан 20 адам зардап шеккен.

Жалпы шығын көлемі 35 миллион теңгеден асқан. Жәбірленушілер жоғалтқан қаражат көлемі 500 мың теңгеден шамамен 6 миллион теңгеге дейін жеткен.

Сот жарыссөзінде прокурор Сариевті ірі көлемдегі алаяқтық бойынша кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда соттың соңғы шешімі өзгеше болды.

2025 жылдың желтоқсанында Алматы соты Ілияс Сариевті бірнеше рет жасалған алаяқтық бойынша кінәлі деп таныды. Алғашында оған 4 жыл 8 ай жаза тағайындалған. Кейін Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа сәйкес, жаза мерзімі 3 жыл 8 айға қысқарды.

Фото: Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

Ақтоты Дүйсеева 4 жыл 6 айға сотталды. Рақымшылықтан кейін оның жазасы 3 жыл болып белгіленді. Алайда кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, жаза өтеу мерзімі бала 14 жасқа толғанға дейін, яғни 2028 жылға шегерілді. Сонымен қатар сот жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы талаптарын қанағаттандырды.

Ілияс Сариевке қатысты іс бойынша шығын көлемі кейбір өзге жалған қайырымдылық оқиғаларымен салыстырғанда аса ірі болмауы мүмкін. Бірақ бұл жағдай мәселенің басқа қырын көрсетті: кейде қоғам сенетін адамның беделі қолдан жасалған суреттер мен ойдан шығарылған диагноздардан да өтімді құралға айналуы мүмкін.

Сариев жылдар бойы өзін «халықтың жанашыры» ретінде танытты. Оған науқас балалары бар отбасылар, қиын жағдайға тап болған адамдар, қажылық сапарына үміт артқандар жүгінді. Алайда сот анықтағандай, мұндай өтініштердің бір бөлігі көмекпен емес, қаржылық шығынмен аяқталған.

Сондықтан бұл оқиғадан шығатын негізгі қорытынды — әлеуметтік желідегі қалыптасқан образға көзсіз сенуге болмайды. Тексеруді тек құжат пен есепшоттан емес, қайғы мен көпшіліктің арасында жүрген адамдардан да бастау қажет.