Төтеден келуі мүмкін тасқын суға сақадай сай болуымыз керек - апталық шолу

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Биылғы қыста қар молынан жауды. Соған орай, жер ылғалы да жеткілікті, егіннің бітік болуынан дәмелі болжаушылар да баршылық. Алайда, көктемгі егістен бұрын қардың мол түсуі су тасқынына ұласып кету қаупін де тудыратыны рас.

Бірнеше жылдар қатарынан осындай төтенше апатпен де бетпе бет келіп жүргеніміз де шындық. Ал қары мол түскен биылғы жылы төтенше жағдайдың алдын алудың жайы нешік? Өйткені, қардың шамадан тыс мөлшерде түсуі еліміздегі су тасқыны қаупін күшейтіп, әсіресе Шығыс Қазақстан және Алматы облысының таулы аймақтарында қалыптасқан жағдай алаңдатуда. Осыған орай, аптадағы Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов орталық мемлекеттік орган басшыларынан бастап, аймақтағы әкімдердің баршасының басын қосып, бейнебайланыс арқылы республика бойынша су тасқынына қарсы шаралардың мән-жайын талқыға салды.

Ауа райының болжамына құзыретті «Қазгидромет» мәліметіне сүйенсек, еліміздің Ақмола, Қостанай және Қара­ған­ды облыстарында жиналған қардың көлемі көпжылдық орта мөлшерден 20-50 пайызға артық болса, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында түскен қардың мөлшері 1,5 жылдық нормаға жеткен екен. Бұған дейін қа­лың қардың түсуіне байланысты Өскемен қа­ласында төтен­ше жағдай жарияланған да бо­латын. Осыған орай, бейнебайланыс арқылы жиынға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көктемгі қар еруі қарсаңында Үкіметтен көмек сұрап, ең бірінші кезекте гидротехникалық құрылғыларды жөндеуге қатысты проблеманың өзекті екенін еске салды. Өңір басшысының сөзіне қарағанда, облыстағы 97 гидротехникалық құрылғылардың 37-сі толық жөндеуді қажет етеді. Қазіргі кезде бұл өңірде түскен қар нормадан 2-2,7 есеге асып отыр. Атап айтқанда, жазықтағы қардың биіктігі 70-120 см, ал таулы өңірлерде 2,5-3 метрге жуықтап қалған көрінеді. «Біз қалаға жауған қалың қардың өзін сыртқа шығарып үлгере алмай жатырмыз. Мәселен, 12 сағаттың ішінде Өскеменде 80 см қар түсті. Бүгінгі күнге дейін біз миллион тоннаға жуық қарды шығардық. Алайда болжам бойынша жағдай мәз емес. Ақпан-наурызда қар нормадан артық түсіп, яғни шамамен 60 см-ден асуы мүмкін», -деп нақтылап өтті әкім.

Бұдан бөлек, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі өзендер ағысы бойынша Көксу, Лепсі (Алматы облысы) және Бұқтырма, Оба (ШҚО), Тобыл, Торғай (Қостанай облысы), Нұра, Шағалалы (Ақмола облысы), Кеңгір, Шерубай-Нұра, Сарысу (Қарағанды облысы) өзендері алабында қардың еруіне байланысты су деңгейінің көтерілуі туралы болжам жасаған болатын. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде еліміздегі 759 гидротехникалық құрылғы арнайы комиссиялармен тексерілген. Соның нәтижесінде 126-сы қосымша жұмыстар мен ерекше бақылауды талап ететін құрылғылар екендігі анықталған. Бұған қоса иесіз деп танылған 11 су қоймасының бесеуіне инженерлік жұмыстар жүргізу қажеттілігі белгілі болған. «Иесіз су қоймаларының басым көпшілігінің меншік иелері анықталды. Бұл мәселені аяғына дейін жеткізіп, түбегейлі шешу керек. Сонымен қатар, солтүстік өңірлерде ақпан және наурыз айларында қалың қар жаууы мүмкін екенін ескеруіміз керек. Сондықтан бұл жағдай одан әрі қиындауы мүмкін екенін атап айтқым келеді», - деді Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко.

Тоқтала кететін жайт, бұған дейін облыс мәслихаттары тасқынға қарсы іс-шараларға арналған бюджетті биыл 5,4 миллиардтан 14 миллиард теңгеге дейін ұлғайтқан болатын. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайларға арналған бюджеттік бабы 19 есеге, Астана қаласында - 15 есеге, Қостанай облысында - 11 есеге, Оңтүстік Қазақстан облысында 5 есеге өсті. Ал Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары өздерінің бюджетінен қосымша қаржы бөлмеген көрінеді. Бұл қазіргідей қалыптасып отырған жағдайда тасқынға уақытылы әсер ету шараларының тиімділігін төмендетуі мүмкін.

Жиын барысында Премьер-Министр Серік Ахметов жағдайдың жай-жапсарын мұқият тыңдай келе, тасқынның алдын алу аясында еліміздің негізгі өзендерінде шағын тоспалар құрылысын қарастыруды тапсырды. «Елбасы гидротехникалық құрылғыларды жөндеуден бөлек, бірнеше мәрте біздің негізгі өзендерде қар еру кезіндегі тасқынға шағын тоспалар жасау туралы мәселені көтерген болатын. Әсіресе, бұл жайт көктемде судың ауқымды көлемін жинақтауға қатысты. Осыны ескере отырып, салалық бағдарламаны қарастыру керек»,-деді Үкімет басшысы. Бұдан бөлек, Премьер-Министр тиісті мемлекеттік органдар басшыларының басын қосып, әкімдермен кеңесіп, бұл мәселені тереңірек зерделеу қажеттігін жеткізді.

Айта кетерлігі, өткен жылғы тасқынның туындау себептері мен жағдайына жасалған зерттеу көрсеткендей, қар қоры мен ауа райының күрт өзгеруі ғана емес, сонымен қатар қатып, жібімеген қардың үстіне жаңбырдың қоса жаууы басты факторға айналған екен. Жиында мәселенің бұл жағы да ескерілді.

Сонымен қатар, Үкімет отырысында Серік Ахметов өңірлердегі болуы мүмкін тасқын судың алдын алу бойынша тиісті шараларды тыңғылықты орындауды жүктеді. Өзен, арық арналары, бөгеттерді нығайту, жол инфрақұрылымы мен электр және байланыс желілерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аудару керек екені ескертілді. «Бүгін алдағы қардың еруіне байланысты жағдайға арнайы назар аударып отырмыз. Сондықтан да өңір әкімдеріне жағдайдың мониторингін айтарлықтай тыңғылықты жүргізуді тапсырамын. Кейде синоптиктер болжаған мерзім сәйкес келмей, тіпті аяқ астынан күрт өзгеретін жайттар да кездесіп жатады. Сол үшін әрдайым дайындық тәртібінде болуларыңыз керек», - деп қадап айтты С. Ахметов.

Жаңа басшысын сайлаған Діни басқарма халықпен, жастармен жұмыс жүргізе білуі керек

Осы аптада еліміздің Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­ма­сы басшылығында өзгерістер болып, жаңа Бас мүф­ти сайланды. Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының бұған дейінгі төрағасы, Бас мүф­ти әрі Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төр­­ағасы болған шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі ха­­зіреттің өз қалауымен діни қызметін тоқтатуына бай­ланысты Астанада шақырылған Қазақстан мұ­сылмандарының кезектен тыс VII құрылтайында бар­лық имамдар бірауыздан Ержан Маямеровке дауыс берді. Жаңа дінбасы Ержан Малғажыұлы Мая­меров бұған дейін ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы болған. Жаңа Бас мүфти, Қазақстан мұ­сылмандары діни басқар­масының төрағасы Маямеров Ержан Малғажыұлы 1972 жылы 16 жел­тоқ­сан күні дүниеге келген. 1990 жы­лы Ма­­қаншы ауылындағы Ғани Мұратбаев атын­­дағы орта мектепті тәмамдаған. 1991-1993 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң, сол жылы Мысырдағы Әл-Азһар Ислам уни­вер­ситетінің ша­риғат және заң фа­куль­тетіне оқу­ға қабылданып, 2006 жылы бітірді. 2006-2008 жылдар ара­лы­ғында Мы­сыр елі мүфтиятының пәтуа шығару бө­­лі­мін­де білімін жал­ғас­тырды. 2011 жылы 10 қазан күні Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің ұйға­ры­мымен ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы болып та­ғайындалды. Үйленген, үш ба­ла­сы бар. Сонымен қатар мамандар бірнеше тіл­дерді жетік меңгерген Ержан Маямеровтің қаза­қы танымға сай дәстүлі ислам жолын жақ­тайтынын айтады.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстан мұсылмандары VII құ­рыл­­тайы делегаттары мен Қазақстан мұ­сыл­мандары діни бас­қармасы төралқасы және ақыл­дастар алқасы мен ғұламалар кеңесі, Қа­зақстан қажылар қауымдастығы құрылтай ба­рысында республика халқына үндеу жариялаған болатын. Әб­саттар қажы Дер­бі­сә­лінің дінбасылық қыз­метіне жоғары баға бе­рілген осы үндеуде Бас мүф­тидің басшылығымен Қазақстан мұ­сыл­мандары діни басқармасының атқарған жұмыстары, жеткен жетістіктері ерекше ілтипатпен аталып, «оған Алла разы болсын» деген игі тілек айтылған.

Сондай-ақ, құрылтайдан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесу өткізген болатын. Кездесуге Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Президент Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан Маямеров, сондай-ақ облыстардағы өкіл имамдар қатысты. Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу еліміздің барлық мұсылмандары үшін елеулі оқиғамен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масының жаңа Бас мүфтиі Ержан Мая­­меров әлемдегі ең танымал ислам оқу орындарының бірі - Египеттегі Әл-Азһар университетін бітіргеніне назар аударып, оның тәжірибесі жеткілікті екенін, діни басқар­маның аймақтық құрылымын басқарғанын, соған орай жемісті еңбек ететініне сенетінін білдірді. «Тәуелсіздігімізбен бірге ата дінімізді қайта оралт­тық. Діни басқарма 2228 мешіттің басын қосып, мұсылмандарды ұйыстырушы орталыққа айналды. Халқымызды ортақ рухани құн­ды­лық­тар мен мақсаттар төңірегіне топтас­тыруға ұйыт­қы болды. Бүгінде қоғам, әсіресе жастар дінге бет бұруда. Исламды ұстануды модаға айнал­дыр­мау керектігі жөнінде түсінік жұмыс­та­рын жүр­гізу керек», - деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Діни басқарма алдында тұрған бірқатар мін­дет­терге назар аударды және Діни басқарма мен мем­лекеттік органдар арасындағы рухани-ағар­ту­шылық және әлеуметтік саладағы ынты­мақ­­тас­тықты нығайта түсуге жете көңіл бөлу қа­жет­­тігін атап өтті.

«Еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір мо­­йындалған құрылымы - Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасы. Діни қатынастарды реттейтін жақында қабылданған заңда мемлекет халқымыздың рухани өмірінде исламның ханафи бағытының орны мен рөлін мойын­дайтыны атап көрсетілді. Бұл өте дұрыс. Қазақ­стан - зайырлы мемлекет. Сондықтан біздің дін салас­ындағы саясатымыз конфессияаралық татулық пен толеранттылықты нығайтуға бағыт­та­л­ған. Бізде діни сенім бостандығына Кон­сти­ту­ция кепілдік береді. Жалпы, діни басқарма өкілдері тек дін саласында ғана емес, өзге де салаларда өз білім-білік­терін арттыруға тиіс. Өздеріңіз білесіздер, ел халқына таяудағы Жолдауда біз 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын айқындадық. Бұл - кеңестік ке­зең­нен белгілі жай жоспарлау ғана емес, мемлекет да­муының негізгі бағыттарын, нақты мақсаттарға же­тудің жолдарын және біздің болашақты қалай кө­ре білетінімізді аңдататын ұзақмерзімді құжат. Бұл орайда, діни қайрат­керлер жұртшылыққа елі­міздің игілігі үшін одан әрі жұмыс жүргізу қа­жеттігін ұғындырғаны жөн», - деді Қазақстан Пре­зиденті. Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы басшылығына атқа­рылған жұмыстар үшін алғысын білдіріп, кез­десуге қатысушылардың ел мүддесі жолын­дағы істеріне табыс тіледі.