Төтенше оқиғалар саны артып отырған қазіргі кезде әлдекімдердің тиісті міндетіне селсоқ қарауына жол бермейміз- ТЖМ

ТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Бүгін Астанада ҚР ТЖМ басшысы Владимир Божконың төрағалық етуімен қалалық және аудандық төтенше жағдайлар басқармалары (бөлімдері) мен облыстық департаменттер басшыларының қатысуымен алғашқы республикалық семинар-кеңес өз жұмысын бастады.

Оған елдің барлық өңірінен 250-ден астам басшы қатысуда.

Кеңес барысында министр, өңірлердегі өрт сөндіру бөлімшелердің жай-күйін сынға алды.

«Өртке қарсы комитеті аудандық және қалалық өртке қарсы бөлімшелердің шұғыл әкерет ету қызметіне жүргізген жүйелі тексерулердің нәтижесінен, өрт сөндіру деполары мен ғимараттардың, өрт сөндіру автокөліктері парктерінің сүреңсіз жағдайларын көріп отырмыз. Өрт сөндіру бөлімшелерін күрделі жөндеуден өткізуге қаржы жеткізіліксіз бөлініп жатқанын түсінемін. Бірақ, жөндеу жұмыстарына ақша бөлінбесе, өрт сөндірушілердің негізгі құралы - көліктердің - ластанған, тот басқан күйде болуы, оның сорғы бөлігін айлап қараусыз қалдыру жөн емес. Әрбір басшы таңертеңгілік техникалардың жағдайын және сарбаздардың хал-күйін біліп отыруы тиіс», - деп атап өтті ол.

В.Божко, 2009 жылы өрт сөндіру бөлімшелерінің қанағаттанарлықсыз күйі үшін Қостанай облысында Амангелді және Жангелді аудандарының өрт сөндіру бөлімшелерінің басшылары қызметтерінен босатылғанын айтып, басқа облыстардағы өрт сөндіру құрылымдарының 10-нан астам басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын құлағдар етті.

«Оңтүстік Қазақстан облысында орындарымен қоштасқан басшылар да болды. ОҚО-ның департаментінде жүргізілген өрт бекеттері мен өрт сөндіру бөлімшелерінің қызметкерлерін аттестациядан өткізу тәжірибесін қолдаймын. Себебі, бізде әскери қызмет туралы нұсқаулықтың ережелерін ұмытып қалған кейбір жолдастар бар екендігі анықталды. Олар бұл орында не үшін отырғандарын ұмытып қалған. Жұмыс жасамай-ақ билік құра бастаған. Мұндай жолдастарға айтарым, бұл орынтақтарыңда ұзақ отыра алмайсыңдар. Себебі, төтенше оқиғалар саны артып отырған қазіргі кезде әлдекімдердің тиісті міндетіне селсоқ қарағанына жол бермейміз», - деп түйіндеді сөзін министр.