Төтенше жағдай: Ақмола облысында азық-түлік жеткізуде еш кедергі жоқ

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайға байланысты Ақмола облысында азық-түлік жеткізуде еш кедергі жоқ. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өңірде енгізілген төтенше жағдайлар талаптарына сәйкес штаттық режимде жұмыс істеуде. Осы ретте, әлеуметтік азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге баса мән берілуде. Бұл жағынан алғанда қазіргі кезде ешқандай мәселе туындап отырған жоқ.

«Көкшетау қаласында азық-түлік қоры жеткілікті, қазіргі кезде ол толықтырылуда. «Көкше» әлеуметтік павильоны және «Қамқор» коммуналдық базары жұмыс істеуде. Онда сиыр, еті, ұн, қант, жарма, күріш, қырыққабат, маркоп, картоп, 1-ші сортты жұмыртқа, күнбағыс майы, майлылығы 2 пайыз сүт, ірімшік тәрізді әлеуметтік маңызы зор 19 түрлі азық-түлік тауарларына қол жетімді. Күн сайын қаладағы ірі сауда үйлері мен желілеріне мониторинг жүргізіліп отырады», - деді Ербол Оспанов.

Сонымен бірге ол Көкшетау қаласының периметрі бойынша орналасқан блокпостардан азық-түлік тасымалдайтын көліктердің кедергісіз жүріп-тұруы қамтамасыз етілгенін атап өтті.

«Біздің облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы бірлесіп, Көкшетау қаласының периметрі бойынша орналасқан блокпостардан азық-түлік және өзге де қажетті тауарларды тасмалдайтын көліктердің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін олардың тізімін жедел штабқа жолдап отырамыз. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күні интернеттің болмауына байланысты екінші деңгейлі банктер интернет байланысының тұрақсыздығынан жұмысын тоқтатты, бұл банкоматтар жүйесіне де әсер етті. Мереке күндері қарасаңында тұрғындар банкоматтардан қол ақша алуда қиындықтарға ұрынды. Бұл тәулік бойы қол жетімсіз болып отыр. Көптеген дүкендер мен сауда үйлерінде азық-түлік қолма-қол ақшаға сатылды. Кешегі күні таңертең кейбір банктер банкоматтарына ақша сала бастады. Бұл тұрғындардың қажетті азық-түлікті сатып алуына мүмкіндік берді. Интернетті қоса, банк карточкалары арқылы сауда қайта жанданатын болады. Әзірге Ақмола облысында азық-түліктің жеткізілуі мен оны сатуда еш кедергі жоқ», - деп түйіндеді Ербол Оспанов.