«Еліміздің төтенше жағдайда өмір сүріп жатқанына бір айдан асты. Төтенше жағдайға байланысты еліміздің бірнеше қаласында карантин режимі енгізіліп, бүкіл салалар қашықтан жұмыс істеуге көшті. Еліміздің сот билігі де қашықтан қызмет көрсету режимін мүлтіксіз сақтап отыр. Нұр-Сұлтан қаласының соттары TrueConr және WhatsApp мобильді қосымшалары арқылы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істерді қарап жатыр», -дейді заңгер.
Оның айтуынша, карантин режимі енгізлгеніне қарамастан қала тұрғындары өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуді тоқтатқан жоқ. Сәйкесінше, қылмыстар да тыйылған жоқ. Әсіресе «Төтенше жағдай режимін бұзу» бабы бойынша заңбұзушылық көбейді.
«Қазір Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған арнайы әкімшілік сотының жұмысы қызып тұр. Осы күнге дейін бірқатар азамат «Әкімшілік қамау», «Әкімшілік айыппұл төлеу» сияқты жауапқа тартылды. Осыған орай ел тұрғындарын төтенше жағдай режимін сақтап, карантин режимін бұзбауға шақырамын. Себебі, өзім осындай сот процестерінде қорғаушы-адвокат ретінде көп қатысамын. Осы жайттарды өз көзіммен көрдім. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, аты жаман індетті жұқтырғандар саны 2 мыңнан асып кетті. Бәріміз бірге жұмылып, төтенше жағдай режимін сақтап қана бұл індетті жеңе аламыз», - деді А. Абдрахманов.