Төтенше жағдай және рейстердің тоқтатылуы: Мексикада тәртіпсіздіктер жалғасып жатыр

Фото: Ateo Breaking

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдегі ең іздеудегі есірткі барондарының бірі Немезио Осегера Сервантестің өлімі Мексикада қақтығыстар мен зорлық-зомбылық толқынын тудырды. Ел бойынша бақылау бекеттері орнатылды, әуе компаниялары жергілікті әуежайларға рейстерді уақытша тоқтатты, ал билік тұрғындарды жағдай тұрақтанғанша үйде болуға шақырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform

«Қауіптіліктің қызыл дабылы»

Жексенбі күні Мексиканың батысындағы кейбір аудандарда әскери операция аясында қақтығыстар күшейді. Операция барысында «Халисконың жаңа буыны» наркокартелінің жетекшісі жойылды. Бұл жағдай өңірдегі қауіпсіздікке қатысты кең ауқымды алаңдаушылық туғызды.

Беделді наркобаронның өлтірілуі Мексиканың бірнеше штатында сағаттар бойы жалғасқан, көліктер өртелген блокбекеттердің қойылуына түрткі болды. CBS News мәліметінше, картельдер бұл тактиканы әскери операцияларды тоқтату үшін жиі қолданады.

Халиско штатының губернаторы Пабло Лемус Наварро картель мүшелері мен Мексика қарулы күштері арасындағы қақтығыстар фактісін растады. Оның айтуынша, қауіпсіздік күштерінің келуіне жауап ретінде картельмен байланысы бар белгісіз адамдар көліктерді өртеп, операцияның жүргізілуіне бөгет жасау үшін жолдарды жауып тастаған. Губернатор қақтығыстарға жауап ретінде «қызыл код» — төтенше жағдай немесе қауіпсіздік дағдарысы туралы хабарлайтын хаттама енгізді. Ол штат бойынша қоғамдық көлік тоқтатылғанын жариялап, тұрғындардан жағдай бақылауға алынғанша үйден шықпауын сұрады.

Мексика қауіпсіздік агенттігі жексенбі күні кешке ел бойынша 252 блокада тіркелгенін хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, Халиско штатында 65 бақылау бекеті болған, бұл бір аумақтағы ең көп сан.

Әлеуметтік желілерде Халиско штатындағы ірі қала Пуэрто-Вальярта үстінде түтіннің көтеріліп жатқанын және штат астанасы әуежайындағы дүрбелең тудырған қозғалысты көрсететін бейнежазбалар тарады.

Бірнеше әуе компаниясы Пуэрто-Вальярта әуежайындағы жұмысын уақытша тоқтатты.

Тәртіпсіздіктер сондай-ақ Халиско штатының астанасы және Мексиканың екінші үлкен қаласы Гвадалахарада басталды. Биыл жазда бұл қалада әлем чемпионатының матчтары өтеді деп жоспарланған еді. Қазір бұл жерде өртеніп жатқан көліктер жолдарды бөгеді.

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Пардо әлеуметтік желілерде бақылау бекеттерінің бар екенін мойындады, бірақ елдің көп бөлігінде өмір қалыпты жағдайда өтіп жатқанын алға тартты.

«Халиско жаңа буыны» картелі несімен танымал

Еске сала кетсек, Мексика Ұлттық қорғаныс министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, «Халиско жаңа буыны» картелін ұзақ жылдар бойы басқарған «Эль Менчо» деген атпен танымал Немесио Осегера Сервантес жексенбі күні Халиско штатында әскери күштермен қақтығыс кезінде жарақат алып, Мехико қаласына бара жатқан жолда қаза тапты.

Мемлекеттік қауіпсіздік күштерімен тікелей қақтығыстан қорықпаған «Эль Менчо» Мексиканың ең қатыгез қылмыскерлерінің бірі ретінде танымал болды.

«Халиско жаңа буыны» картелі АҚШ-қа фентанил мен басқа да есірткілердің көп мөлшерін заңсыз тасымалдаумен танымал және Мексикадағы ең қуатты және ең жылдам дамып келе жатқан қылмыстық ұйымдардың бірі.

Картель сонымен қатар өзінің аса қатыгездігімен де танымал: оның содырлары бір кездері граната атқышпен армия тікұшағын атып түсірген, ондаған үкімет шенеуніктерін өлтірген және қарсыластарын қорқыту үшін құрбандарының денелерін көпірлерге асып қойған.

АҚШ барлау ақпаратын ұсынды

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт әлеуметтік желілерде АҚШ операция үшін «барлау ақпаратын ұсынғанын» мәлімдеді.

Картель көсемінің өлімін растаған АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау оны «ең қанішер және қатыгез есірткі барондарының бірі» деп атады.

— Бұл Мексика, АҚШ, Латын Америкасы және бүкіл әлем үшін керемет оқиға. Жақсы жігіттер жаман жігіттерден мықтырақ, — деп жазды ол X-те.

АҚШ президенті Дональд Трамп мексикалық есірткі картельдеріне шабуыл жасау жоспарларын жариялады. Осыған байланысты Мексика үкіметі оларға қарсы күрес науқанын күшейтті.

Осыған дейін Мексика әскері Халиско штатында картель жетекшісі Эль-Менчоны өлтіргенін жазған болатынбыз. 

Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрлігі жаппай тәртіпсіздіктер орын алған Мексикадағы жағдайға байланысты сол елге барған қазақстандықтарға үндеу жасады.