«Біздің міндет төтенше жағдайдан зардап шеккен адамға шұғыл психологиялық көмек көрсету. Сондай-ақ, зардап шегушінің отбасы мен жақындарына қолдау көрсетеміз. Көбінесе төтенше жағдайға тап болған адам күйзеліске ұшырайды және жүйкесі зақымданады. Ондай жағдайда біз нақты қандай көмек көрсетіміз? Алдымен төтенше жағдайдан зардап шеккен адаммен диалог жасаймыз, егер сөйлей алатын жағдайда болса. Сөйлесе отырып оның қолына массаж жасаймыз, бұл адамды қалпына келтіру әдісінің бір түрі. Сонымен қатар зардап шеккен адамды көрпеге орау да бар. Бір жағынан көрпе адам денесін жылытса, екінші жағынан шоктағы адамға көрсетілген қамқорлықтың белгісі», - деді Динара Жақыбекова.
Сондай-ақ, маманның айтуынша төтенше жағдайға тап болған адам үшін жұбату да маңызды.
«Төтенше жағдайдан зардап шеккен адамға психологиялық көмек 5-10 минуттың ішінде көрсетілуі керек. Адам есін жиып, өз-өзіне келуіне осы уақыт жеткілікті. Ал егер шок алған соң 5-10 минуттың аясында психологиялық көмек көрсетілмесе, онда адамның қалпына келу процесі ұзаққа созылады. Зардап шеккендер көп болған жағдайда медициналық психолог мамандарын көмекке тартамыз. Жалпы елімізде жыл сайын түрлі төтенше жағдайдан зардап шеккен 150-ден астам адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетіледі», - дейді ол.
Бүгінде Қазақстанда төтенше жағдайдан зардап шеккен адамдарға шұғыл психологиялық көмек көрсететін 13 психолог маман бар екен.
«Біздің қызметтің басқа психологтар жұмысынан айырмашылығы кез келген сәтте дайын болып, күтпеген жағдайда жұмыс істей алуымыз қажет. Мысалы, өткен жылы елордада Шұбар ауданындағы дәмханада газ баллоны жарылып, адамдар зардап шекті. Және бір ғана адам емес, ондай жағдайда бірнеше маман оқиға орнына шұғыл жетіп, көмек көрсетеміз», - деді психолог.
Бұған дейін психологиялық көмек көрсету бөлімінің басшысы Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін 56 адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетілгенін айтқан еді.